$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Заңсыз құрылыс: Алматыда 96 нысанның құрылысы тексеріліп жатыр

AstanaTV
06.06.2024ж. 01:26
652
Заңсыз құрылыс: Алматыда 96 нысанның құрылысы тексеріліп жатыр

Алматы қаласында былтырдан бері 96 нысанды толық немесе ішінара бұзуға талап-арыздар түсіп, тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһардың қай бұрышына көз салсаңыз да, жаңа үйлер бой көтеріп, жарнамалары жер жарады. Баспаналы болғысы келетіндер көбейіп, азаматтар кейде асығыс шешім қабылдауға мәжбүр. Сөзімізге тұздық болсын, былтырдан бері қалалық сотқа құрылыс талаптарының бұзылғаны жайында 230 талап-арыз түскен. Оның ішінде 96 нысанды толық не жартылай бұзуға шағым келген. Ал жауапты басқарма мамандары соңғы уақытта заң тетіктерін өз пайдасына асыратын компаниялардың көбейгенін айтты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3-қабатқа дейінгі үйлерде, таунхаустарда рұқсат талап етілмейді.

– Заңсыз құрылыс мәселесі қала басшылығының қатаң бақылауында. 2023 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін заңсыз 35 нысан сүрілді. Алматы қаласының қалалық құрылыс бақылау басқармасы тексеруді өз бетімен жүргізбейді. Ресми түрде арыз болуы керек. Аталған арыз түскеннен кейін басқарма құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінде тексеруді тағайындап, содан кейін жұмысын бастайды, – деді қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олажас Төлебаев.

Жөн-жосықсыз құрылыс салушылардың айласына тап болмау үшін құрылыс бақылау басқармасы сатып алуға ұсынылмайтын, күмәнді тұрғын үй тізімін жүйелі түрде жариялап отырады.

– Егер сіз қандай да бір тұрғын үйді алуға ниеттеніп жатсаңыз, оның лицензиясы, тиісті құжаттары барын КЖК-ның сайтынан қарап тексере аласыз. Компания өкілдерімен кездесіп, құжаттарды көрсетуін талап етіңіз. Қалада бірқатар тұрғын үй сүрілуі мүмкін. Ал жұрт оларды сатып алып үлгерген. Сондықтан шешім қабылдар алдында сарапшылармен сөйлескен жөн, – деді инвестициялар және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы Лев Тетин.

Заңсыз нысаннан үй алып, құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартса, экономикалық және құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Ал іргетасы қаланбай тұрып қаражаты жетпей қалған компанияларға кепілдікті арттыру үшін сарапшылар кеңес айтты.

– Норма мен заң бәріне ортақ. Құрылыс салатындарға кепілдік болу үшін ең алдымен барлық нормаларды толтырып, техникалық шарттарды алып, құрылыс-сәулет басқармасын құрылыс жұмыстары басталғанн ескертуіңіз керек. Қазақстан тұрғын үй корпорациясына келіп, 1 пайызын төлеп, кепілдік аласыз. Яғни егер компания құрылысты аяқтай алмай қалса, мемлекет тарапынан нысанды бітіреді, – деді Қазақстан құрылысшылар одағы қалалық филиалының директоры Тимур Нұртаев.

Былтырдан бері сәулет-құрылыс бақылау органдары 35 заңсыз салынған құрылысты жартылай және толық бұзған. Олардың қатарында ірі бизнес орталығы, мейрамхана, тұрғын үй кешені де бар. Сот шешімімен алдағы уақытта қалада тағы 65 нысан сүріледі деп жоспарланып отыр.