$498.34 €519.72 ₽4.85
×

“Мен әлемді жақсартқым келеді”,-Гиннестің рекордтар кітабына енген оқушы

06.06.2024ж. 20:00
745
“Мен әлемді жақсартқым келеді”,-Гиннестің рекордтар кітабына енген оқушы

Елімізде мүмкіндігі шектеулі болса да,білім мен ғылымды қатар алып жүрген талантты жас өрен көп. Дәл осындай дарын иесі – Бекнұр Жәнібекұлы. Ол небәрі 8 жасында ең кішкентай протезді қолданатын алғашқы адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. “Junior Eurovision-2021" байқауында Қазақстанның атынан ән шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді. Арманы асқақ баламен тілшіміз кездесті.

Бекнұрдың жасы қазір -11де.Туғанынан “фокомелия” ауруына шалдықса да, бұл оның мектепке барып, ғылым мен білімді, шығармашылықты қатар алып жүруіне кедергі емес. Болашақта басқа да байқауларда бақ сынап, өзі секілді жандардың ешкімнен кем емес екенін дәлелдегісі келеді.

Бекнұр ЖӘНІБЕКҰЛЫ, ОҚУШЫ:

Менің ойымша, егер сізде кемшіліктер болса, мысалы, сіздің қолыңыз болмаса, бұл сіздің қолыңыздан ештеңе келмейді дегенді білдірмейді.Сіз басқалар сияқты бәрін жасай аласыз. Қолыңыз бен аяғыңыздың болмауы армандарыңызды орындай алмаймын деген сөз емес.Ондай ой туындаған сәттерде мені еске алыңыз.

Ерекше дарын иесі қазақ және орыс тілдерінен бөлек ағылшын және француз тілдерін жетік меңгерген. Қатарластарының арасында үздік нәтиже көрсетіп жүр, өзінің жас деңгейінен жоғары, тереңдетілген тапсырмаларды орындайды.

Гүлжайнар АШИМОВА, АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Бекнұр -бізде мүмкіндік емес дегенді дәлелдеген оқушының бірі. Өмірде мүмкін емес заттарды жасай алып, осы өзімен тең, қатарлас оқушылардың арасында өте жоғары деңгейде дәлелдеп көрсетті деп айта аламын. Мысалы, біз мынаны жасай алмаймыз, ананы жасай алмаймыз деп айтқан кезде бізге Бекнұр үлкен мысал бола алады дегім келеді.

Ия, ол- әлемдегі ең кішкентай протезді қолданған алғашқы адам. Сол себепті Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бір қызығы бұл протез Lego ойыншықтарынан жасалған. Ал осы протезді алу үшін Бекнұрдың анасы Франциядан Испанияға дейін ұзақ жолды еңсеріп, оны жасайтын адамды табуда көп күш жұмсаған.

Гүлнар СМАИЛОВА, БЕКНҰРДЫҢ ӘЖЕСІ:

Отбасында ерекше сәби дүниеге келсе, яғни сол бұйырып тұр. Мүмкін оның белгілі бір физикалық шектеулері бар шығар, бірақ ақылмен, жігермен бәрін жеңіп келеді. Сонымен қатар, Бекнұрдың “Мен әлемді жақсартқым келеді” деген сөздері мені таңдандырады. Қандай керемет! Ол мейірімді, тіпті анасының өзі бүгін ғана “3 баланың арасында оның шектеуі болса да, ол басқаларға қарағанда ұқыпты”- деп айтқаны бар. Солай, әр туындаған мәселеге қуанышпен, мейіріммен қарап, тек жақсылыққа үміттенеміз.

Бекнұрдың болашақтағы жоспары- IT саласын меңгеру, компьютердің тілін тереңірек ұғыну. Бұның өзі өмірге деген құштарлық. Мұндай сәттерде қиындыққа мойымай, керісінше әрекет ете білу жақсылыққа үміттену өте маңызды - дейді Бекнұрдың әжесі.