Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» акциясын бастады. 12 мың партия мүшесі қала маңын тазалауға шықты. Жұмыс барысында 475 ластанған аймақты анықтады. Енді бұл шара апта сайын өтеді.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Асқақ тау, нулы орман, мөлдір бұлақ. Табиғаттың бар байлығы елімізде бар. Мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ оны қаншалықты қорғап жүрміз? Бұл сұрақ мені ғана емес, біраз тұрғынды алаңдатады екен. Дәл қазір Астана маңына табиғатты аялауға үлес қосамын деп келген адам көп. Мұндай игі іс-шараны «AMANAT» партиясы ұйымдастырған.
Бұл жер – қыста қала ішіндегі қарды шығаратын орын. Ақ ұлпамен бірге қоқыс қатар тастаады. Қар еріді. Бірақ қалдық шашылып жатыр. Жаз келіп, көк шыққаны сол еді иісі қолқаны қабады. Енді бұл экологияға қалай әсер ететінін ойлана беріңіз.
Айдос АҚАУ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ БЕЛСЕНДІСІ:
Қазіргі істеп жатқан жұмысымыздың бәрі – қаланың тазалығын сақтап, өзіміздің денсаулығымызды сақтау. Оның барлығын біз өзіміз үшін жасап жатырмыз. Өзіміз үшін керек.
Дана халқымыз «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні терең. Адам баласының бүкіл тұрмыс-тіршілігі, өмірі табиғатпен біте-қайнасып жатыр. Қоршаған ортаның адам саулығы мен жай-күйіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан маңайымызды таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау, табиғатты аялау өте маңызды, - дейді депутаттар.
Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осы қоқыстың барлығы қаладан шыққан. Қалада тұрып... Әсем қала, бірақ қоқыс тастайды. Осының барлығын қала маңына әкеліп, барлығын бүлдіріп. Тап-таза тұрған жер ғой, міне. Егін ексе де әдемі шығады. Бірақ, міне, қолдан жасаған қоқыс орталығы.
Экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Былтыр партияның бастамасымен мемлекеттік орман қоры аумағына 302 млн түп ағаш егілді. 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды. Партияның белсенділері сенбілікке шығып, түрлі іс-шара ұйымдастырды.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Экологияны қолдап, қорғауымыз қажет. Оның барлығы өзіміздің қолымызда. Біздің партияның жалпы саяси тұғырнамасында да бұл жазылған. Салауатты Қазақстан, таза ауа, таза су, жеріміздің көркеюі...
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды. Президент бұл бір реттік акция емес екенін айтып, әрі қарай да назарда ұстауды тапсырған. «Таза бейсенбі» -осының дәлелі. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Даулет Кәрібек бұл жоба жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға деген сананы өзгертеді, - дейді.
Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Біз осы «Таза Қазақстан» жобасының аясында бейсенбі акциясын ұйымдастырып отырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, «Таза Қазақстан» - бір реттік акция емес. Ол идеяның артында мәдениет жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай көшедегі қоқыс тастаудан бастап, судың ысыраптығы, жалпы айналаға тазалықпен қарау сияқты үлкен ойлар жатыр. Қазірден бастап жерімізге деген, елге деген сүйіспеншілікті тазалықтан, айналамызға жинақылықпен дұрыстап қараудан бастау керек.
Партия табиғатты аялау ісін әрі қарай жалғастыруға ниетті. 2027 жылға қарай қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Ауаның ластануын 40 процентке төмендету де жоспарда бар. Бұдан бөлек, 16 су қоймасы қайта жаңартылып, 14-і салынбақ.