$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Қазақстандықтар «Таза бейсенбі» акциясына атсалысты

Қазақстандықтар «Таза бейсенбі» акциясына атсалысты

"Таза бейсенбі" жобасы жалғасын табуда. "AMANAT" партиясы қолға алған жаңа акцияға Солтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары да атсалысты. Туған жерді көркейту шарасына қатысқан ауыл халқы игі іске жұдырықтай жұмылды. 

Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданындағы орталық саябақты тазалау үшін 150-ден астам ауыл тұрғыны арнайы келген. Бірі шалғымен шөп шапса, енді бірі тал-теректердің түбін әктеп, тазалады. Қолға күрек ұстауға жарамды ауыл азаматтары туған жерді көркейту баршаға ортақ игі іс һәм перзенттік парызы екенін айтады.

Сабырғали САМИЕВ, ШЫҢҒЫРЛАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл - үлкен шара, өйткені біз осы ауылда тұрамыз. Ауасын жұтамыз, суын ішеміз. Сондықтан да бізге ауылымыздың таза болғаны, көркейгені, күн сайын жақсарғаны өте маңызды.

Азамат ТАҒАНИЯЗОВ,  "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ШЫҢҒЫРЛАУ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Алдағы уақытта да бұл шаралар жалғасын табады деп есептеймін. Жыл бойы жалғасады деп есептеймін. Себебі біздің ауылымыз, біздің ортақ үйіміз.

Ал Шығыс Қазақстандағы Таврия ауылының маңындағы табиғи қоқыс алаңдарынан тонналап қоқыс шығарылды. Одан әрі бұл аумақ абаттандырылып, ағаштар егіледі.

Сайрангүл ЖҰМАДІЛДАЕВА,  "АMANAT" ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Негізі мақсатымыз - елімізде барлық табиғатты әсем ұстау. Одан кейін қоғамдағы вандализм көріністеріне жол бермеуге байланысты бірнеше жоспар жасадық.

"Таза бейсенбі" жобасы Солтүстік өңірде де ұйымдастырылды. Мұнда да партия мүшелері, аймақ белсенділері мен еріктілер бірлесіп, облыстың түкпір-түкпіріндегі қоқыс алаңдарын тазалады.

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ СҚОФ ЖАСТАР РУХЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Таза бейсенбі акциясы бүгін бүкіл ел бойынша бастау алды. Әр апта сайын жүргізіліп отыратын болады. Жалпы облыс көлемінде қай жерде қатты қоқыстанған жерлер болса, біз соны барып, жүргізетін боламыз.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,  СҚО АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тазалық деп айтқанда әркімнің ең бірінші жүрегі таза болуы керек, сосын оның үйі, ауласы таза болуы керек. Сол уақытта көшесі таза болса, ол деген меніңше шама-шарқын патриот деуге болады ондай адамды.

Аймақтағы игі шараға 800-ге жуық адам және ондаған бірлік техника жұмылдырылды. Бір күннің ішінде 100 тоннадан астам қоқыс жиналған.