Түркістан облысында полиция заңсыз сақталған қару тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз сақталған қару, оның ішінде Ак-47 автоматын тәркіледі.
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтады, – деп Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов брифингте мәлімдеді.
4 жергілікті тұрғынды тінту барысында АК-47 автоматы, 3 мылтық карабині, 2 аңшылық мылтық, травматикалық тапанша, түрлі калибрлі патрондар, жабайы арқар мүйізі және басқа да заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді. Қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Күдіктілер қамалды.
Оқиғаның мән-жайы мен күдіктілердің қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қандай мақсатта сақтағаны анықталуда. Тергеу жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті Қ.Сахов.