$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Бір айда 2 миллион теңгеге дәрі аламын», - емделуші

10.06.2024ж. 20:00
383
«Бір айда 2 миллион теңгеге дәрі аламын», - емделуші

Жыл сайын онкологиялық аурудан 13 мың адам қайтыс болады. Жалпы есепте тұрғаны – 218 мың. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7 процентке көп. Бұл дертке дауа іздеп жүргендердің көп екенін көрсетеді. Денсаулық сақтау минитсрлігі соған қарамастан онкологиялық қызметке бөлінген қаржыны 20 пайызға қысқартты. Енді науқастар әр ай сайын қабылдайтын дәріні өз қалталарынан төлеп, алуға мәжбүр. Оның бағасы, шамамен, 2 миллион теңге. Ал оған шамасы жетпегендер не істейді? Аружан Задабек мамандармен тілдесті. 

Сабыржан Нұржановтың жасы – 55-те. Оған бауыр қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Дерттен айығу үшін операцияға жүгіне алмайды. Тек дәрімен амалдайды. Ал, оның бағасы – 2 миллион. Қымбат препаратты тек 21 күн қабылдайды. Келесі айда тағы жаңасын алу керек. Ал, арасын үзсе, өміріне қауіп төнеді.

Сабыржан НҰРЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір дәрінің құны – 1 миллион 400 мың теңге. Екінші дәрі – 400 мың теңге. Сонда 2 миллионның көлемінде дәрінің құны шығады. Бұл -бір курс. Бүгінге мен 16 курс қабылдап отырмын. Оның 11-ін өзім сатып алдым. 5 курсын Үкімет сатып алып берді. Оның өзінде «Қазақстан халқына» қоры сатып алып, Манастағы ауруханаға берді.

Ауру жылдан-жылға жасарып барады. Қазір қатерлі дертпен күресіп жүрген балалар көп. Соған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурумен күреске бөлінетін бюджетті қысқартып тастады. Аз емес, бақандай 20 процентке кеміді. Бұл қайдан шыққан мәміле екені белгісіз.

Диляра ҚАЙДАРОВА, ҚАЗАҚ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ РАДИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Қазір бұл мәселені қайта қарап жатырмыз. Әлі толық шешілген жоқ. Бұл – уақытша. Қазір жұмыс тобы құрылды. Талқылап жатырмыз. Қазір бізде 3 миллион теңгеге дейін тұратын дәрілер бар. Оның барлығын саралау керек. Бір айтатыным, ешқандай науқас жапа шекпеуі тиіс.

Қазір салада кемшілік көп. Медициналық құрал-жабдықтың көбі ескірген. Ауруды алдын-ала анықтайтын құрылғылар жетіспейді. Мамандар туралы жақ ашудың өзі орынсыз. Ауылды былай қойғанда қалада білікті дәрігер табу мұң.

Асхат АЙМАҒАНБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Баяғыдан бізде онкологиялық мамандармен қамту жүйесі болатын. Бұл жүйені, өкінішке орай, біз жоғалтып алдық. Сол жүйеде бізде онкологиялық үлкен-үлкен клиникалар бар, сол клиникада жалақы алатын азаматтар аудандық онколог боп жұмыс істейтін. Сонда бір-бірімен ара-қатынаста болады, білімін жетілдіру мәселесі болады, сонда анықталған азаматтарды тез емдеуге мүмкіндік болады.

Бұл дертке ерлерге қарағанда әйелдер көп шалдығады. Себебі, сүт безі обыры тым жиілеп, жасарып кеткен. Сондықтан елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда бір рет скринингтен өтуі тиіс.