$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкенттегі Жаңаталап шағын ауданында көпірі опырылып қалды

Шымкенттегі Жаңаталап шағын ауданында көпірі опырылып қалды

Шымкенттегі Жаңаталап шағын ауданында көпір опырылып қалды. Бұл - 8 мың тұрғынды қаламен байланыстыратын жалғыз жол. Апатты жағдайға толассыз жауған жауын-шашын себеп болған. Ондағы халық бір күнде аралда қалғандай күй кештік, - дейді. Қазір әкімдік пен тұрғындар қалай амалдап жатыр? Әріптесім Айзада Төребекқызы өз көзімен көріп қайтты. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жаңаталап тұрғын алабына кіретін жалғыз көпір өткен жұмадан бері жабылған. Көлік тұрмақ жаяу адамның өзі өткізіліп жатқан жоқ. Арнайы қоршалған. Тіпті қауіпсіздік үшін жол сақшылары екі жақтап күзетке қойылыпты.

Жаңаталап тұрғын алабы мен қаланы жалғап тұрған бұл көпір осыдан елу жыл бұрын салынған. Бадам өзенінің үстінен өтетін өткел қақ ортасынан майысып тұр. Көпірдің кенеттен істен шығуы, әсіресе, жаяу жүретін халықты әбігерге салған. Жұмысы, оқуы, базар –ошары орталықта болғаннан кейін түрғындар күнделікті қалаға қатынайды.

Бағира САЛЫҚБАЕВА, ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таксилердің бағасы қымбаттап кетті, басқа болды. Содан мен өзім лично осы жерге 6:15те келіп, автобустың бастықтарымен сөйлесіп, ауылға да автобус кіргізіп қойды, айқай-шумен болды енді. Бәрі бірден болмайды ғой, әсті-әсті, шүкіршілік. Бәріне төземіз ғой, бұл да Алланың сынағы шығар. Жаңбыр жоқ, қар жоқ. Бітер деген ойдамыз.

Алғашқы күні мүлдем алыс болған жол бүгін жақындаған. Бадам өзенінің таяздау жерінен уақытша айналма жол салынған. Көлігі барға ештеңе емес-ау, бір шақырымдай жолды жүріп өту аптап ыстықта жаяу халыққа қиын соғып тұр.

Ақерке ЕГІЗБАЕВА, ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерге дейін қаладан маршруттар келіп жатыр ғой. Арғы бетке де маршруттар қойып қойды, қаладан келгендерді ары қарай ауылдың ішіне тасуға. Оған да рақмет айтамыз. Бар жағдайды жасап жатыр. Бірақ бір айтатымыныз бізге, жаяу жүргіншілердің көпірін сәл мына жерге жақындатып жасап берсе...

Ауыл тұрғындарының кейбірі көпірдің апатты күйге түсуіне карьерден тас алатындардың кінәсі бар, -дейді. Ал жолға жауапты басқарма өкілі жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген көпірдің тозатын уақыты жеткенін айтты. Биыл күрделі жөндеу жүргізу доспарланған екен.

Өмір ҚАЛАУБАЕВ,  ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Негізі бұл көпірдің ескі күйде екені белгілі. Бұл күнге дейін біз жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеп қойған болатынбыз. Қазіргі таңда енді судың арнасының бұзылуына байланысты, судың биылғы былтырғы жылы көп болуына байланысты астын шаю пайда болды. Көпірдің негізгі деңгейінен төмен сулар аққан. Соның салдарынан осы жағдай орын алып отыр.

Жолға жауапты өкіл ертеңнен бастап демонтаж жұмыстары басталатынын айтты. Мердігер белгілі. Көпірді қайта жаңарту жұмыстарына кем дегенде 3,5-4 ай уақыт қажет. Одан ерте бітуі де мүмкін. Ал оған дейін жаяу жүретіндерге арнап жақын жерден уақытша өткелді жасап береміз деп уәде берді.