Түркістан облысында егін алқабын шегіртке басып, диқандар шаш-етектен шығынға батып жатыр. Зиянкестен жапа шеккен жұрт өтемақы берілуін сұрайды. Өйткені бұқара жәндікпен өздері күресуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркістан облысына қарасты Арыс қаласы Байтоғай ауылының тұрғыны Нұркен Сейсенбек биыл 6 гектар жерге қарбыз еккен. Алайда диқан пайдаға кенелудің орнына шығынға батқан. Себебі 10 күннен бері жан-жақтың бәрін шегіртке басып, түйнек тастаған егіннің түгі қалмапты. Екі гектар жердегі өнім өліп, қалған 4 гектары әлі де шегірткеге таланып жатқан көрінеді.
– Кемінде 7-8 миллион теңге кетеді. Дәрісін және оны шашатын құрылғы алып жатырмыз. Биыл пайдадан шығын артып кетті, – деді шаруа Нұркен Сейсенбек.
Шаруалар қарбыз алқабын жайлаған шегірткемен өзі күресуге мәжбүр. Ал әр залалсыздандыруға кемі 200 мың теңге шығын кетеді. Сөйтіп кейбірі егінді қолмен қорыса, шамасы жеткені улы дәріні өз күшімен себуге кіріскен. Еткен еңбекті еш кетірмеу үшін тағы бірі көлік жалдап, зиянкеспен күресіп жүр. Ал әкімдік өкілдері жан-жақтан мамандарды жұмылдырып, шегірткеге ұшақпен у шашуға кіріскен.
– 2023 жылмен салыстырғанда биыл болжам орталығының жоспары 3 еседей артық көрсетіліп отыр. Сол бойынша зиянкесті уладық, – деді аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бектас Мұзаппаров
Айта кетейік, шегіртке Түркістан облысының Арыс қаласын ғана емес, Сарыағаш және Келес аудандарын да жайлаған. Биыл зиянкес былтырғыдан үш есеге көбейіпті. Мәселен, бір жыл бұрын 70 мың гектар алқап залалсыздандырылса, биыл бұл көрсеткіш 270 мың гектарға жеткен. Ал мамандар алаңдауға еш негіз жоқ дегеннен әрі аспай отыр. Өйткені қанатты жәндіктің бір апта ішінде толық жойылуына жағдай жасалатын көрінеді.
Айта кетейік, кеткен шығын мөлшері содан кейін ғана есептеледі. Бірақ шаруаларға өтемақының төленуі екіталай.