$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Жайлы мектеп" жобасы қалай жүзеге асуда?

13.06.2024ж. 20:00
627
"Жайлы мектеп" жобасы қалай жүзеге асуда?

"Жайлы мектеп" жобасына бөлінген қаражат тиімсіз игерілуде. Сондай-ақ жаңа нысандарды салуда кемшіліктерге жол берілген. Депутат Руслан Рүстемов бүгін Сенатта осылай деді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдады. 

"Жайлы мектеп" жобасы еліміздегі мектеп тапшылығы мен тозығы жеткен білім ұяларын қалпына келтіру үшін жүзеге асырылуда. Еліміздегі 842 мың оқушыға арналған жаңа нысандарды салуға мемлекеттен 2,6 млрд тг жоспарланған. Алайда бұл қаржыны игеруде бірқатар шикілік бар дейді депутат Руслан Рүстемов.

Руслан РҮСТЕМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жобаны жүзеге асырудың бірінші жылдың өзінде қателіктердің орын алғаны белгілі болып отыр. Мәселен салынуға тиісті мектептердің тек 217 сі ғана анықталған. Ұлттық жобаның құрылыс дирекциясы акционерлік қоғамы бөлінген қаражаттың 208 мектептің құрылысына тек 190,2 қаржысын ғана игерген. Қалғаны дирекцияның есеп шотында қалған.

Сенатордың айтуынша, 37 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы уақытылы дайындалмай және оларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынбай құрылыс жұмыстары жүргізілген. "Жобада көзделген мақсаттар мен нәтижелер, яғни үш ауысымды және апатты жағдайдағы оқушы орындары тапшылығын жоюға мүмкіндік бере ме? Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде орындала ма?" деп сұрады ол оқу-ағарту министрінен. Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл жоба ерекше назарға алынған. 217 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Жалпы жоба екі кезеңмен іске асырылуда. Бірінші 2024 жылдың соңына дейін 217 мектептің құрылысын іске қосу. 2025 жылға дейін 152 мектептің құрылысын іске асыру белгіленген. Бірінші қыркүйекке дейін 98 мектептің құрылысын іске қосу көзделіп отыр. Негізінен 200 мың оқушының тапшылығын шешуге бағытталып отыр.

Министрдің айтуынша, күнделікті битрикс ақпараттық жүйесі арқылы бүкіл құрылысты электронды деңгейде бақылап отыр. Апта сайын тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жиынында қордаланған мәселелер туындаған жағдайда кешенді жүйелі түрде шешіледі деді.