Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Әлеуметті тану...

AstanaTV
18.02.2017ж. 20:00
2236
Әлеуметті тану...

Соңғы жылдары әлеуметпен ойнауға болмайтыны анық көрінді. Жарқын мысал - Жер мәселесі. Әлеуметтің пікірін, пайымын білу және санасу – биліктің міндеті.
Бізде әлеуметтану ғылымы түк дамымаған. Дамыған мемлекеттерде саяси бәсекедегі билік өз алдына, олар әлеуметтік, қоғамдық зерттеулерге арқа сүйейді. Әлеуметтік зерттеулер жүргізетін тәуелсіз ірі орталықтардың деректері мен мәліметтерін сатып алады.
«Астана» деп аталатын халықаралық ғылыми орталықтың социологиялық зерттеулер бөлімін басқаратын Серік Бейсембаев бізге біраз нәрсенің бетін ашып берді – біздің билік әлеуметтік зерттеулерге бюджеттен ақша бөлінетін болғасын, «игеру керек» деген принципті ұстайды. Яғни нәтижесі кәдеге жарамайды. Екінші жағынан, мемлекет ақшасына жасалған кейбір зерттеулердің нәтижесін көрсетпейді.

Серік Бейсембаев, «Астана» халықаралық ғылыми орталықтың социологиялық зерттеулер бөлімінің жетекшісі: 

Біздің билік органдары қоғамдық пікірді зерттеу үшін жылда бірнеше зерттеу орталықтарына тапсырыс береді. Орталық билік болсын, облыстық әкімдіктер болсын, зерттеу көп. Бірақ жүйелі түрді қоғамда не болып жатыр, әлеуметтің пікірі қандай деген түсінік билікте жетіспейді. Тапсырыс беруші ретінде билік органдарының біліктілігі – қоғамдық пікірді не үшін зерттеймін, кейін алған нәтижелерді қалай пайдаланамын, жұмысыма қалай пайдаланамын, осы жөнінде түсінігі жоқ.

- Радикалдық көзқарастағы адамдар (біздің еліміздегі), қайдан шығып жатыр? 

- Негізгі шығуы жалпы әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан артта қалған, дамуға ілесе алмаған перефериядағы депрессиялық аудандарда көп кездеседі. Өйткені ондағы халық өзінің перспективасын көрмейді. Өзін қай жақтан табамын деген түсінік қалыптаспаған... Бұрын сенің жұмысың болған жоқ, табысың болған жоқ, былайша айтқанда, «неудачник» болдың, ал сол идеологияның догмаларына сүйене отырып, бір күнде «батыр» болып шықтың, өзіңді жарып тастадың, біреуді өлтірдің дегендей. 2011 жылы Кеңқиық, Шұбаршы деген ауылдарда радикалды топ пен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында атыс болды. Оншақты адам опат болды. Жалпы, біз 2013 жылы Ақтөбедегі түрмедегі адамдармен, ауылдарға барып, жергілікті адамдармен кездестік. Ауылдарды алсақ, жаңа айтқанымдай, өзін ешкімге қажет емес деп сезіну кең тараған елді-мекендердің бірі. Болашаққа үмітпен қарайтындай негіз жоқ. Билік тарапынан мән бермеушіліктің кең тараған орны екен. Бұл сәйкесінше, ондағы адамдар өзін басқа жақтан іздеуге талпынады.

- Оларды көбейтпеу, алдын-алу бағытында жұмыстар істеліп жатыр. Солардың тиімдігін қалай бағалар едіңіз?

- Бұл жұмыс жүйеге түсті деп айту қиын. Көбінесе орталықтандырылған, бюрократиялық әдіс басым. Жергілікті специфика ескерілмей қалады. Мәселен, орталықтағы немесе бастыстағы, немесе оңтүстіктегі жағдайды салыстыруға болмайды. Оның ішінде біздің территория үлкен. Ерекшеліктер бар. Соларды ескеру керек. Ол үшін кез-келген бағдарламаларды бір шаблонмен емес, жергілікті қауымдастық, жергілікті бизнестің, жергілікті биліктің пікіріне сүйену арқылы, кооперация арқылы ғана бұл мәселеде жетістікке жетеміз. Әзірге жетістік жоқ. Қалыптасқан жүйе бойынша бізде мұғалім, болмаса жасы үлкен адам не айтты, сол дұрыс, сен соны орындау керексің. Ал онымен қаншалықты келісесің, келіспейсің, сенің пікірің басқа болуы мүмкін, соны дамыту – сыни көқарасты дамытуға сәйкес келеді. 

Сонымен әлеуметтік «градусты» өлшеп отыру түк дамымаған. Алайда бюджет қаржысына жасалған кейбір зерттеулердің қорытындысы жарияланбайтынын айттық. Нақты не тұмшаланатынын сезу қиын емес. 

Серік Бейсембаев, «Астана» халықаралық ғылыми орталықтың социологиялық зерттеулер бөлімінің жетекшісі: 

Қоғамдық пікірді зерттеуді бір құрал ретінде қарайтын болсақ, жариялылықты арттыру керек. Мемлекет тарапынан жасалған зерттеулер жариялануы керек. Мемлекет қаржысына шыққан нәрсе. Қоғам пайдалануы керек.

-Негізі ондай есептер бар, бірақ шығарылмайды, иә?

-Жабық, шығарылмайды...