Ақтөбенің Әйтеке би ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге үй берілді. Тасқын судың кесірінен ауданда 51 үй тұруға жарамсыз болып қалған. Бүгін 25 отбасы баспаналы болды. Қоныс тойға біздің тілшілер де барды.
Баспаналы болғандардың бірі -Амангелді Садық. Су тасқыны кезінде шаңырағы суға кетіп, қиын жағдайда қалған. Бүгін Амангелдінің қуанышында шек жоқ. Дайын үйді өзі таңдаған. Енді екі қарындасымен осында тұрады.
Амангелді САДЫҚ, ТҰРҒЫН:
Осы үйді алып берді. Сонымен бүгін ғана кіріп жатырмын. Өзім қуанып, өзім таңдадым. Ия рахмет! Бәрі халық көмектесіп жатыр. Жәрдем беріп жатыр.
Роза ЖҰБАТҚАНОВА, ТҰРҒЫН:
Рахмет үкімет үй берді ғой. Осы үйге кіргеніме қуаныштымын енді. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Үйлі болдық.Құтты болсын енді осы үй.
Бұдан бөлек ауданда 26 жаңа үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 80 шаршы метр болатын баспаналар үш ауылда салынуда.
Азамат ЖАНБОЛАТОВ, ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Үш мердігер мекеме Жүргенев ауылында 20 үй, Құмқұдық ауылында бес үй, Жамбыл ауылында бір үй салуда. Жоспар бойынша барлық жұмыстар 1 тамызда аяқталады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс күшімен материалдар толық жеткілікті.
Ақтөбе облысында су тасқынынан 4 мыңнан астам үй зардап шекті.Оның мыңға жуығы апатты жағдайда деп танылған. Облыста 3 мың үй қайта жөнделсе, 475 тұрғын дайын баспана алады. Өңірде 517 жаңа үй салынуда.