Астана-Алматы бағытындағы тас жол қоқыстан тазартылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен жүзеге асырылған “Таза Қазақстан” акциясын қолдауға бағытталған Road-эстафета өз мәресіне жетті. Бес күндік шара 4 облысты қамтыды. Толығырақ белсенділермен 5 күн бірге жүрген әріптесім Айбек Салдатбек тарқатады.
Айбек САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
1200 шақырым жол, 2000-ға жуық қатысушы, 100 тоннаға жуық қоқыс жиналды, 5 күнге созылған Road-эстафета осымен өз мәресіне жетті.
“Аманат” партиясы мен “Жастар рухы” Жастар қанаты” бастаған белсенді топ 10-шы маусымда Астанадан Алматыға аттанды. Жолда Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарының белсенділері мен еріктілері қосылып, автомагистральдің айналасын тазалады. Тазалық жұмыстарына күннің ыстығы мен жауған жауын да кедергі болған жоқ.
Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ақмоладан кейін Қарағанды облысына, одан кейін осы Алматы облысына дейін жастар кеткен. Мінекей, қазір, бүгін соның нүктесі қойылып, жемісті жұмыс атқарды деп мақтанышпен айта алам. Таза Қазақстан деген - әр адамның ойында, санасында жүретін бір мәдени дүниеге айналу керек.
Айбек САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Бес күн бойы артық заттар сұрыпталып, осындай жазуы бар арнайы қаптарға салынды. Жиналған қоқыстар жүк көліктеріне тиеліп, әр өңірдегі полигондарға жеткізіледі. Енді тау-тау боп үйілген қоқыстар қайта өңдеуге жөнелтіледі.
Қарағанды облысынан 40 тонна, Алматыдан 30, Ақмоладан 13 және Жамбыл облысынан 10 тонна қоқыс жиналды. Эстафета аясында тазалық жұмыстарынан бөлек әр өңірде халықпен кездесулер өтті. Қоғамдық қабылдауларда аймақтардағы өзекті мәселелер талқыланды.
Ақерке ЕСКЕНДІРОВА, “АMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ “ЖАСТАР РУХЫ” ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:
Жолды біз тек қана қоқыстан тазартпай аудан, ауылдарға кіріп экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жастармен кездесулер ұйымдастырдық. Сонымен қатар осы акция аясында бізде “Қоқысты сыйлыққа айырбаста” акциясы өткен болатын. Қазіргі таңда бізде 100 тоннадай қоқыс жиналды, оны біз бөліп, жартысын қайта өңдеуге жібереміз.
Бұл - Қазақстанда алғаш рет өткізілген жол бойын тазалау эстафетасы. Және соңғысы болмай, өзге өңірлерде де жалғаспақ.