$474.83 €515.38 ₽5.5
×

«11 млн айыппұл есіме түсіп, құшақтай алдым»...

AstanaTV
18.02.2017ж. 20:00
3384
«11 млн айыппұл есіме түсіп, құшақтай алдым»...

...Кешіріңіз, менің уақытым жоқ, қазір ғана әйелімді ұрып, қырық мың теңге төлеп келе жатырмын! –дедім. Ол мені сыртқа сүйреп шығарып:

– Не? Не, деловойсың ба?– деп қоймады. Жыным келді. Жұдырығымды түйіп, тұмсығынан енді ұрайын деп жатқанымда, он бір миллион айыппұл есіме түсіп, оны құшақтай алдым.

«Дөп сөз» айдарының кейіпкері сатирик – Мұхтар Шерім. 

Саламат Омаш: Армысыздар, құрметті көрермен! Бүгінгі кейіпкеріміз сатира саңлағы Мұхтар Шерім. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы қазір Шымкентте тұрады, «Ара» журналының арнаулы тілшісі. Мұхтар Шерім «Бюрократпен қоштасу», «Қисық шеге», «Құдағи құшақтай береді», «Талтайып тұрғым келеді» секілді бірнеше кітаптың авторы. Кейіпкеріміздің жазбалары біздің айдарға тым ұзақтау болғандықтан, қысқартып, кейбір туындылардан тек үзінділерді бергенді жөн санадық.  

Креслоға кейбір депутаттардың құйрығы жабысып қалады. Алынбайды. Шалбарын шешіп қалдырып кетейін десе, елден ұят. Құйрық майлары еріп, төрт жыл отырады да, түк бітірмесе де, келесі сайлауда тағы төрт жылға сайланады.  Сосын креслоны құшақтап, қимай қалатындары да бар. Осының қандай емі бар екен? Білесіздер ме өзі?

Саламат Омаш: Мұхтар мырзаны алаңдататын мәселе көп қоғамда. Десе де ол жазуға күй таңдамайды. «Кез-келген уақытта, кез-келген жерде отырып жаза беремін» - дейді ол. Ол кісі үшін сатира жазу – өмірдегі ең үлкен рахат. 

Мұхтар Шерім, сатирик: Қазір енді рахат болды. Отырасың да жазасың, жазасың да жібересің. Бірінші кезекте сиясы кеппеген әрбір әзілімді осы фейсбукке, басқа да сайттарға жазып жіберіп отырамын. Интернетті бір адамдай меңгеріп алғаным өзім үшін қуаныш. 

Астанада «айналайын» дейтін апам жоқ, басымнан сипайтын атам жоқ, бір құрылыс компаниясында жұмыс істейтін едім, тегін жұмыс істете берген соң, тентіремейін дедім де ауылға қайттым. Автобустан ауылыма жетер-жетпес тағы бір ауылдың маңына түстім. Ары қарай автобус түгіл, албасты да бармайды. Сол ауылдың кіре берісіне: «Келіншегі бар ауыл» деп жазып қойыпты. Сауатсыз әкім жаздырған болуы керек. Биыл үкімет «келешегі бар ауыл, келешегі жоқ ауыл» деп екіге бөліп тастады емес пе? 

Саламат Омаш: Сондай-ақ, Мұхтар Шерім соңғы кезде «Еку езу» театрына, «Ара» әзіл-сықақ театрына интермедиалар жазған. Тіпті ол жазған сценарийлердің кейбірі барша қазақ жұртына танымал болып үлгерген. 

Мұхтар Шерім, сатирик:  Бұған дейін де Шаншарға жаздым. Алдараспанға жаздым. «Еуро мола» деген, «Үбән» дегендерді жаздым. Керемет шықты. Міне, осыларды нағыз сатира деп есептеймін. 

МАИ инспекторы тоқтатты.

– Бері шық! – деп бұйырды.

– Ереже бойынша, маған сыртқа шығуға болмайды. Қандай ереже бұздым екен?

– Жәй, сенімен төбелескім келіп тұр.

– Не үшін?

– Бізбен ерегісіп, жағалассаңдар, ұрсаңдар бар ғой,  он бір миллион теңге төлейсіңдер!

– Қызық екен. Әкімдерді ұрып кетсем ше?

– Он екі миллион!

– Министрлерді ұра салсам?

– Он үш миллион!

– Өзімді ұрсам?

– Жүз теңге.

– Кешіріңіз, менің уақытым жоқ, қазір ғана әйелімді ұрып, қырық мың теңге төлеп келе жатырмын! –дедім. Ол мені сыртқа сүйреп шығарып:

– Не? Не, деловойсың ба?– деп қоймады. Жыным келді. Жұдырығымды түйіп, тұмсығынан енді ұрайын деп жатқанымда, он бір миллион айыппұл есіме түсіп, оны құшақтай алдым.

Саламат Омаш: Мұхтар Шерімнің ант беру туралы жазғаны бар. Әкімнің антын былай дейді. «Бүгіннен бастап осы орнымнан түспеуге, тойшыл болып, коньяк, виски ішпеуге, кісі көңілін жараламауға, кадр біткенді қуғындап, руға бөліп алаламауға, Астанадағы «крышама» бара бермеуге, жер біткенді өзіме, туысыма ала бермеуге, ұсталып қалсам, финполға: «мә, мә!» деп пара бермеуге ант етемін». Ал келін мен күйеу жігіттің анты қандай екен?

Жас келіннің анты:

-Еркек сияқты насыбай атпауға, түске дейін ұйықтап жатпауға, не болса соны тойламауға, бұрынғы жігіттерімді ойламауға, енемді жақсы көре салам, көршілер тұз сұраса бере салам, өсек айтуға шақырса келе салам, алдымда мысық жатса тебе салам, кірімді күнде жууға, құдай бұйыртса, егіздетіп тууға ант етемін. 

Күйеу жігіттің анты:

-Мойнымды «левыйға» бұрмауға, әйел «мешок» емес, ішіп келіп ұрмауға, жаман жерлерге бармауға, қыздарға «қарындас, атыңыз кім?» деп сөз салмауға, әйелім «албасты»» десе ауызымды ашпауға, қуалап жүріп ұратын болса төркініме қашпауға, «жат!» десе жатуға, «арам қат!» десе қатуға ант етемін!

Саламат Омаш: Мұхтар Шерім өз сөзінде сатирик болу үшін бірінші құдайдың берген таланты керек, сосын білім мен еңбек керек екенін айтады. «Қазіргі таңда үйренгісі келетін шәкірттер жоқтың қасы, болса да бір жылт етіп, құмға сіңген судай жоқ боп кетеді. Бұл – сатираны насихаттау мен марапаттаудың жоқтығынан»,- дейді.

Мұхтар Шерім, сатирик:  Астарлап жазамын деп, артық қыламын деп тыртық қылып жататындар да бар. Оны жасырмаймын. Олар көбінесе, ұзақ баяндауға көшіп кетеді. Данагөй боп кетеді. 

Біздің елде үлкен шаралар адамдардың сотталуы үшін жасалады. Азиада өтті. Жұтып қойғандар сотталды. Санақ өтті. Жұтып қойғандар сотталды. Енді ЭКСПО өтейін деп жатыр. Көресіздер әлі, тағы сол Жұтқышбектер сотталады.

Саламат Омаш: Сатира суреттелген оқиғаны, кейіпкерді сынға алып, әжуаға айналдыратын күш. Сатирик Толымбек Әлімбекұлы «Сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса, немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды» дейді. Расымен де, күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу – өлім. Күле біліңіздер, жаза жүріңіздер. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!