$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Вандализм: Астана қаласы Байқоңыр ауданы бойынша 14 факті тіркелген

Вандализм: Астана қаласы Байқоңыр ауданы бойынша 14 факті тіркелген

Жыл басынан бері Астана қаласының Байқоңыр ауданында вандализм бойынша 14 жағдай тіркелген. Жалпы республикада бөтеннің мүлкін бүлдіру азаймай отыр. Былтырдың өзінде 5 мыңнан аса адам ұсақ бұзақылық жасаған. 

Көшедегі орындықтан бастап, үйлердің қабырғалары мен есіктері шимай-шатпақ болып тұрады. Ол ештеңе емес, қаланың қақ ортасында болмаса да, шет аймақтарда түнгі жарықшамдарды сындырып, орындықтарды орнынан жұлып алған жағдайлар да кездеседі. Қоғамдағы бұл түйткілді мәселені Мемлекет басшысы үшінші Ұлттық құрылтайда көтерген болатын. Президент қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек.

Иә, расында елімізде қоғамдық мүлікті сындыру, ескерткіштерді қирату оқиғалары жиілеп кетті. Бұл қадағалаудың аздығынан, дейді мамандар. Қатаң заңның жоқтығы немесе оның дұрыс орындалмауы вандализмді күшейте беретінін айтады.

Мадияр ДАУРБАЕВ,  «Q-88» ҚАЗАҚСТАН УРБАНИС­ТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде бақылау мен қадағалау бар, бірақ оны күшейту керек деп ойлаймын. Қоғамдық орындарда қатаң бақылау мен қадағалаудың болмауы вандализм әрекеттерінің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Өйткені тәртіп бұзатындар ұсталмаймыз деп ойлайды.

Тәртіп сақшылары мұндай бұзақылықпен ұсталғандар оңай құтылып кетпейтінін айтады. Жалпы жыл басынан бері Астана қаласындағы Байқоңыр ауданы бойынша 14 факті тіркелген. Ұсақ бұзақылық жасағандар түгел қолға түсіп, тиісті жазасын алған.

Самат АЙНАБАЕВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

ҚР Әкімшілік кодексінің 147-бабы бойынша шара қолданамыз. Ол жерде 20 айлық көрсеткіш немесе 5 тәуліктен-15 тәулікке дейін қамауға алынады. 14 фактінің 10 факті бойынша 5 тәулік пен 15 тәуліктің аралығында қамауға алынды. Бес факт бойынша айыппұл төленді.

Елімізде былтырдан бастап "Вандализмге жол жоқ" акциясы ұйымдастырылып келеді. Шара аясында республика бойынша 500-ден аса ескерткіш, тарихи орын және ғимарат шимай-шатпақтан тазартылған. Акцияға 1500-ден астам ерікті атсалысқан.

Тұрабек АЛХАНОВ,  "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Тарихи ескерткіштер бар бізде, өздеріңіз білетін көпірлеріміз бар, жағажайда орналасқан. Жерасты көпірлерімізде бар және қалада айрықша орын алатын ғимараттар бар. Қазіргі таңда соның барлығын тазарту жұмыстары жүргізілуде, Астана қаласы бойынша.

Қоғамдық орындарды құрметтеу мен өзгенің мүлкіне жанашырлықпен қарауда Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Сингапур елі танымал. Бұл мәселеде аталған мемлекеттер бойынша жағымды мысалдар көп. Президент айтқандай, бұл тұрғыда қазақ елі де бұл мемлекеттерден кем болмауы керек. Қазақстандақтар әр көшедегі мүлікке өз дүниесіне қарағандай күтіп-баптап ұстауы қажет.