$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандыда 15 мыңнан астам тұрғыны бар шағын аудан балаларының спортпен айналысатын жері жоқ

17.06.2024ж. 20:00
320
Қарағандыда 15 мыңнан астам тұрғыны бар шағын аудан балаларының спортпен айналысатын жері жоқ

Қарағандыда 15 мыңнан астам тұрғыны бар шағын аудан балаларының спортпен айналысатын жері жоқ. Жылдар бойы шешілмеген проблема бұл жолы 70-тен астам каратэші далада қалатын кезде қайта көтерілді. 7 жыл бойы моншаны жалдап келген жаттықтырушыдан ғимарат қожайыны орынды босатуды сұраған. Алайда ауданда тіпті жалға алатын ғимарат жоқ. Ата-аналар тым болмаса ақылы оқушылар сарайын салып беруді сұрайды. 

Бұл- Қарағандының ЖБИ ауданындағы моншада каратэмен айналысатын балалар. Каратэшілер 7 жыл бойы ғимараттың екінші қабатын жалдап келді. Бірінші қабаты монша. Жуықта қожайын жаттықтырушыдан бұл орынды босатуды сұраған. Енді ол 70 тен астам каратэшіні қайда апарарын білмейді. Себебі бұл ауданда тіпті жалға алатын ғимарат жоқ.

Асылбек КӘРІБЕКОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Балалар үшін бұл үлкен проблема. Өзім осы ауданнанмын. Балалар қаланың басқа жеріне бара алмайды. Бұл жерден қаланың басқа аудандарына екі- ақ автобус жүреді. 73 және 55, оларды 2 сағат тосу керек. Ал ғимарат қожайыны спорт маған қызықсыз, тырнақ, шаш жқндейтіндерге берген пайдалы кетіңіздер дегенді тура айтты. Бармаған жерім жоқ, бұл жерде жалдайтын ғимарат таппадым.

Жаттықтырушының айтуынша, екі апта бұрын қалалық әкімдіктен көмек сұрап барған. Қала әкімінің орынбасары Рустам Хамзин «көмектесеміз деп» иығынан қағып шығарып салған. Негізі бұл аудан қалаға жатса да Қарағандыдан 10 шақырым қашықта. Расымен автобус дұрыс жүрмейді. 15 мыңнан астам тұрғыны бар. Ата- аналар мәселені оқушылар сарайын салу арқылы ғана шешуге болатынын айтады.

Әсел ТӨЛЕУХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге ғимарат керек. Мен үш баланың анасымын. Кішкентай балаларымды басқа ауданға жібере алмаймын, өте алыс. Білім, спорт министрліктерінен біздің балаларымызға спортпен айналысуға мүмкіндік жасауларыңызды сұраймыз.

Әсел Төлеуханованың кіші қызы Інжу каратэден жеткен жетістіктерін айтып мақтанды. Қаршадай қыз 4 жылда жаттықтырушының көмекшісі деген атаққа ие болған. Тіпті тұмау кезінде де ауырмайды екен.

Әсел ҚАРТАЙ, КАРАТЭШІ:

Спорт мені жеңуге, тәртіпке үйретті. Мен бұл спортта мықты болып барамын. Арықарай айналысып жаттықтырушы болғым келеді. Қазір мен кішкентай көмекшімін.

Дәл осы үйірме каратэшілерінің арасында әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерлері бар. Сөйте тұра ЖБИ- дағы екі мектептің бірінде спорт зал жоқ, енді бірінде ол құлап қалыпты. Тек шаңғышылар мектебі ғана бар. Спорт басқармасындағылар ондағы бөлмелер каратэшілерге таршылық етеді, - дейді. Дегенмен мәселені қарастырып көретіндерін айтты.

Гүлнар ӘЛІҚҰЛОВА, ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ең дұрысы ол жерде спорт кешенін салу керек. Кәдімгі мектептің өзінде спорт зал жоқ. Балаларды түсініп отырмыз. Ертең каратэ федерациясының жетекшісін шақырып шаңғышылардан орын іздеп көреміз. Бірақ ондағы бөлмелер жарамайтын шығар.

Амалы таусылған жаттықтырушы тым болмаса ақылы ғимарат салатын кәсіпкер болса көмек қолын созуды сұрайды.