Орал қаласының тұрғындары моншадан шыққан шайынды суды Шаған өзеніне ағызған. Енді суы ластанған өзенге шомылудың өзі қауіпті. Осылай деп дабыл қаққан табиғат жанашырларының айтуынша, өзен жағасындағы үй иелерінің табиғатты ластағанына 20 жылдан асыпты. Олар өзен суын бүлдіргені аздай, айналаны қоқыс тастайтын орынға айналдырған. Осы маңдағы 5-6 үйден шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар көзден таса жерде тау-төбе боп үйіліп жатыр. Қоғам белсенділері мен құзырлы органдардың өкілдерінен құрылған арнайы топ жағдаймен танысып, кінәлілерге шара қолданатынын ескертті.
Майя САТЫБАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Кезінде осы өзеннің суы таза болғаны соншалық, ішуге жарамды еді. Қазір моншадан шығатын лас суды өзенге ағызады. Кеше шайынды судың құбырмен өзенге құйылып жатқанын көргенбіз. Бүгін бәрін жинап алыпты. Айыппұл салады деп қорықса керек. Бірақ жағалауды осылай қалдыруға болмайды.
Ал тұрғындар жақын жерде қоқыс контейнері жоқ екенін айтып ақталды. Әкімдік өкілдері бұл жерді тазалап, бейнебақылау камераларын орнатамыз деп отыр. Қоршаған ортаны қоқысқа толтырғандарды осылай анықтамақ.
Артур ҚҰДЫСОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, Шаған өзені бойында көптеген қоқыс қалдырылған. Оны біз әкімдікке, ТҮКШ бөліміне ескертіп, егер кінәлі адамдар болса, оны анықтап, тиісті шара қолданамыз. Мақсаты – осы жердің бәрін жинап, акция барысында тазарту акция.