$467.29 €501.03 ₽5.35
×

Оралдағы жарылыста жарақаттанған 9 адам әлі ауруханада жатыр

17.06.2024ж. 20:00
221
Оралдағы жарылыста жарақаттанған  9 адам әлі ауруханада жатыр

Оралдағы ет базарында болған жарылыстан кейін мал соятын жерде бас үйітуге тыйым салынды. Қауіпсіздікті көздеген базар басшылығы мен мешіт өкілдері осындай шешім қабылдапты. Ал жарылыстан күйіп қалған 9 адамның үшеуінің халі ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға жасалар ем-дом қазір Астана мен Алматы қалаларындағы мамандардың кеңесімен жүргізіліп жатыр. 

Оқиға куәгерлері бір ажалдан аман қалғанына шүкіршілік айтып отыр. Бір қызығы, жарылыс болған жердің орны тегістелсе де, тағы бір газ баллоны күннің көзінде тұр. Ал базар басшылығы мал союшылардың ісіне қатысымыз жоқ дейді.

Жұмабек ЖАПБАРҚҰЛОВ, БАЗАР БАСШЫСЫ:

Газ баллонын алып жүргендер олар частниктер. Осы жерден дәнекер қылып, нанын тауып жүргендер. Біреу ішек-қарын жуады, біреуі бас үйітеді. Сөйтіп кісілерден 500 теңге, 1000 теңге бұйыртқанын тауып жүрген кісілер олар. Ешқандай біздің жұмысшылар емес олар. Бізге қатынасы жоқ.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Жарылыстан кейін қазір мал базарында бас үйітуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Қасапшылар сойылған малдың етін мынадай етіп бұзып, бөлшектеп береді және сойылған қойдың басын қолыңызға ұстатады.

Бас үйітем деп ауруханадан бір шыққан 9 адамның үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр: бәрінің жағдайы ауыр. Арасында кәмелет жасына толмаған екі жеткіншек бар. Олардың жарты денесі күйіп қалған.

Диас ЖАЙЛАУБАЙҰЛЫ,  ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үш науқас реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары өте ауыр деп саналады. Біреуінің есі есеңгіреу, екеуінің есі анық. Гемодиализі тұрақты. Демалысы өздігінен. Төрт науқас политравма бөлімшесінде және бір науқас өте ауыр жағдайда. Оның жарақат алу көлемі 91 пайыз.

Ал төтеншеліктер газ баллоны дұрыс қолданылмағанын айтады. Дегенмен мұны анықтайтын маман Оралда жоқ екен. Енді Ақтөбеден арнайы алдырылатын сарапшының көмегіне жүгінбек.

Әлішер РАФИХ, БҚО ТЖД АҒА АНЫҚТАУШЫСЫ:

Осы оқиға бойынша ҚР ТЖМ БҚОД ҚР ҚК 292-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған мән-жайлар анықталуда. Мұнда газ баллонды пайдаланғаны жөнінде, қайдан толтырғаны жөнінде ақпарат әлі анықталуда.

Қазір тиісті сараптама тағайындалды. Баллонның қайдан әкелінгені, тіпті қайдан газ құйылғаны да тексерілмек.