$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Қазақстан мен ТМД елдерінде таксистер қанша табыс табады

AstanaTV
19.06.2024ж. 15:15
2443
Қазақстан мен ТМД елдерінде таксистер қанша табыс табады

Ақылы қызметтердің бағасы биыл ақпанда 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 12,8% өсті, оның ішінде такси қызметтерінің құны 12,3% көтерілген. ERI аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ерлан Кәрімов еліміздегі такси қызметінен түсетін табысқа шолу жасады.

Ұлттық статбюро деректеріне сәйкес, 2020 жылдан бастап такси қызметін пайдаланушылардың тұрақты өсу динамикасы жүріп жатыр, ол 2020 жылы 1,314 млн адамнан 2022 жылы 3,339 млн адамға дейін өскен.

«Бұл ретте Қазақстанда таксопарктер табысының күрт қысқарғаны байқалады, олар 2021 жылы 7 есеге жуық өсім көрсеткен еді (кіріс 1,825 млрд теңгеден 12,429 млрд теңгеге дейін өсті). Алайда, 2022 жылы кіріс 2,5 есе төмендеді (12,429 млрд теңгеден 4,871 млрд теңгеге дейін). Өңірлік бөліністе Қарағанды (+10,4%), Атырау (+7,3%), Абай (+7%), Ақмола (+6,4%) және Павлодар облыстарының (+5,9%) тұрғындары такси бағасының өскенін қатты сезінді. Ең төменгі жылдық өсім СҚО (барлығы +0,3%), Қостанай (+1,2%) және Қызылорда облысында (+1,7%) тіркелді», — дейді Ерлан Кәрімов.

Оның айтуынша, сегіз облыста (Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Түркістан; Жамбыл, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстары) бағалар бір жыл бұрынғыдай деңгейде қалды.

NUMBEO интернет-порталының деректеріне сәйкес, Қазақстанда ТМД елдері арасында ең қымбат такси қызметтерінің бірі (таксидің бастапқы құны — 1,79 АҚШ доллары немесе 800 теңге, ал жолдың бір километріне — кемінде 0,42 АҚШ доллары немесе 200 теңгеге жуық төлеу қажет).

Бұл ретте Globalpetrolprices мәліметінше, Қазақстанда талданатын ТМД елдері арасында АИ-95 маркалы бензиннің ең төмен бағасы тіркелді, ол бір литрге — 0,545 АҚШ доллары немесе 250 теңге.

«Егер талданып отырған ТМД елдерінде такси қызметтері үшін бірдей машина жұмыс істейді деп есептесек (мысалы, 2023 жылғы Hyundai Accent, қозғалтқыш көлемі 1,6 текше метр және отын шығыны қалалық режимде 100 км-ге 8,9 литр), Қазақстанда такси жүргізушісі 100 км жолға 37 АҚШ долларынан астам ақша табады. Осылайша, Қазақстан такси қызметтерінің табысы бойынша ТМД елдерінің үздік үштігіне кіреді деп айтуға болады (Әзербайжаннан кейін — 53,77 АҚШ доллары және Ресейден кейін — 100 км жолға 37,76 АҚШ доллары)», — дейді орталық директоры.

Дегенмен көліктің бағасын да ескеру қажет, ол айтарлықтай ерекшеленеді.

Мәселен, 2023 жылғы Hyundai Accent бағасы Қазақстанда — 9,9 млн теңгені, Әзербайжанда — 8,4 млн теңге, ал Ресейде — 8,1 млн теңге.