$479.23 €534.96 ₽5.16
×

"Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек",- Қ. Тоқаев

19.06.2024ж. 20:00
379
"Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек",- Қ. Тоқаев

"Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек". Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы осылай деген еді. Президент кітаптың барша оқырманға қолжетімді болуы мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне аса мән берді. Қазір қоғамда кітаптың рөлі қандай? Жастар кітап оқи ма? Бұл туралы тілшіміз тарқатады. 

Дильназ Бекжігітқызы қазақ және әлем жазушыларын оқуды бір жыл бұрын бастаған. Осы уақыт ішінде кітаптан алғаны көп. “Ауылға 100 кітап” сынды жобалар мен оқырмандардан құралған орта: оның оқуға деген құмарлығын арттырған.

Дильназ БЕКЖІГІТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кітап маған дұрыс ойлауды, сосын дұрыс шешім шығаруды, сосын сана еркіндігін берді. Өзімнің ойыма мүлде шектеу қоя алмаймын қазір. Қысқа ойлайды көбіне кітап оқымаған адамдар. Мысалы көбіне қоғамды түсінбейтін адамдар осы кітап оқымаған адамдардан шығады.

Кітап оқу арқылы болашақ ұлтымызды тәрбиелейміз. Кітапқұмарлардың бойында айналасында болып жатқан құбылысқа дұрыс баға бере білетін, сыни ойлай алатын және өзге де құндылық болады. Саят Баймұратұлы осылай дейді.

Саят ЫБЫРАЙ, “АЛҚА” ОҚЫРМАНДАР КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Өзің кітап оқымасаң да бірақ үйіңде кітапхана тұрсын дейді. Өсіп келе жатқан бала ана кітаптарды көріп өсуі керек. Кейін тіпті үйлердегі жиналып тұрған кітапханалардан бас тарта бастадық. Бұл келесі өзінің ұрпағына әсер етіп жатыр. Сондықтан біз бүгін кітап ұстап метрода, я автобуста кітап оқып келе жатса таңданатын жағдайға жетіп қалдық. Бұл әрине, өте үлкен өкінішті жағдай.

Кітапханашылар оқырман саны жыл санап артып келеді дейді. Себебі оқитын адам қашан да ілгері екенін қоғам түсінуде. Мәселен Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасына жылына 8000 мың оқырман келеді.

Жәмилә ЖАНАРБЕК, ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жастар кітапхананың кеңдігін, әдемілігін қалайды. Сонымен қатар заманауи жанрдағы кітаптарды көп сұрайды, трендтегі кітаптарды, аудармаларды көп сұрайды. Десе де классика ол сұраныстан түскен емес. Кітапхананың жарықтығы, әдемілігі, жайлылығы, сосын жаңа технологиямен жабдықталуы оқырмандар үшін өте маңызды. Оқырман кітапхананың ішкі кейпіне өте қатты мән береді.

Бұл күнде жарнамасы жоғары дүниелер ғана қоғамның қолынан түспейді. Осы орайда кітапты күндіз-түні насихаттап, өмірдің өзегіне айналдыра алсақ - жеңістің үлкені болар еді.