Несібесін несиеге байлағандардың берешегі кешірілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға өзгеріс енгізбек. Бұл норма қашан іске қосылады? Кімдердің қарызы кешірілуі мүмкін. Осы және өзге ақпараттар "Экономика" топтамасында.
Қазір такси қызметін пайдалану үшін бұрынғыдай көшеде ұзақ тұрудың қажеті жоқ. Смартфондағы платформа арқылы шақыра саласың. Дегенмен, ақысы қалтаны қағады. Елімізде такси қызметінің құны өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Жеткізу қызметімен жан бағып жүргендердің саны күн санап көбейіп келеді. Қазір шамамен 4 млн отандасымыз такси болып нәпақа тауып жүр. Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Қарағанды облысында болды. 10,4 пайыз. Атырау мен Абай облыстарында - 7, Ақмола облысында 6,4 пайызға қымбаттаған. «NUMBEO» Интернет-порталының деректеріне сәйкес, Қазақстан ТМД елдері арасында ең қымбат жеткізу қызметін көрсетеді екен. 1 шақырым жол жүрсең кемінде 200 теңге төлеуің қажет. Жүргізушілердің табысы да жоғары. Бүкіл шығынын алып тастағанда 100 км жолға 37 АҚШ долларынан астам ақша табады екен. Осылайша, Қазақстан такси қызметтерінің табыстылығы бойынша ТМД елдері арасында үздік үштікке кірді.
Жалақысы азайған немесе сырқаттанып қалғандардың несиесі кешірілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғалардың берешегін өндіру бойынша жаңа ереже әзірледі. Кейінге қалдыру немесе қарызды кешіру туралы өтінішті АИТВ- инфекциясының салдарынан екі айдан астам мүгедек деп танылғандар, 3-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, түберкулезбен ауыратындар, жақын туыстары ауырған немесе қайтыс болған қарыз алушылар, апат, өрт, су тасқыны салдарынан жапа шеккен борышкерлер, орташа айлық табысы 30% төмендеген ресми тіркелген жұмыссыздар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жатқызылған немесе отбасында осындай мәртебеге ие мүшелері бар жұмыссыздар бере алады. Жоба 1 шілдеге дейін «АШЫҚ НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтеді.
Биыл алғашқы тоқсанда елдің жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 53 млрд теңгеге жуықтады. Қазір бұл бағытта 1400 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 58 пайызы тігін, 33 пайызы тоқыма бұйымдары, ал қалғаны былғары және оған жататын өнімдер өндіреді. Дегенмен сала одан әрі дамытуды қажет етеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 1 пайызға да жетпеген. Саланы жетілдіру үшін Арнайы экономикалық аймақтар қызметінің негізгі тізбесіне жеңіл өнеркәсіп түрлері енгізілді.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін біршама көтерілді. 458,96теңге, Еуро - 493,10теңге, Ресей рублі - 5,48 теңге болды.