$476.27 €515.47 ₽5.41
×

Жетісуда ескі үйлердің сырты жаңарады

AstanaTV
19.06.2024ж. 19:41
452
Жетісуда ескі үйлердің сырты жаңарады

Талдықорғанда 1950-1960-жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлердің шатыр жабындыларын ауыстырып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, - деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінде облыс орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекция бөлімі мәлімдеді. Атап айтқанда биылғы жылы 10 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жөндеуден өтіп, ретке келтірілетін болады. Бүгінде «Болашақ» және «Көктем» шағын аудандарында жұмыстар басталып, кезең-кезегімен қазан айына дейін жалғасады.

Былтыр 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыр жабындыларын ауыстырған едік. Осы жылы 28 тұрғын үйдің шатыр жабындысын ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланды. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталатын болады. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде жыл сайын жалғастырмақпыз. Қаланы көркеюіне бәріміз бірлесе күш салғанымыз абзал. Оның үстіне тұрғындардың да пікірі ескеріледі, - деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мақсат Саданов.

Оған қоса қала аумағында өткен ғасырдың 50-70-жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлердің шатыр жабындыларын ауыстыру, қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынады. Өткенде қатты жауын-шашын салдарынан бірнеше тұрғын үйдің төбесіне су ағып, халық әбіргерге түскен еді.

Қуанып отырмыз, қаламыздағы көпқабатты үйлердің сырты әбден тозған. Соны қайтадан сәндеп, заман талабына сай жабдықтаса жақсы болар еді. Әсіресе Назарбаев көшесінің бойындағы үйлер ескіріп барады. Алматыдағыдай қызылды-жасылды етіп боялса, керемет көрінетін еді. Біркелкі емес, - дейді қала тұрғыны Фарида Сағадиева.