$480.55 €533.75 ₽5.36
×

"Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеуі бізден бірлескен күш-жігерді қажет етеді", - Е. Қошанов

20.06.2024ж. 20:00
229
"Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеуі бізден бірлескен күш-жігерді қажет етеді", - Е. Қошанов

"Жастар - ел экономикасының ілгерілеуіне де, экологияның дамуына да ат салысып жатыр". "AMANAT" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Шанхай Ынтымақтастық ұйымының XVII-ші Жастар кеңесінің отырысында осылай деді. Шараға ұйымға мүше және байқаушы 10 мемлекеттің 150-ден астам делегаты қатысты. Алқалы жиынды өткізуге "Жастар рухы" жастар қанаты мұрындық болды. Кездесуде қандай мәселелер талқыланды? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатсын. 

Жаһандық жылыну, вандализммен күрес, табиғи ресурстардың сарқылуы секілді экологиялық проблемалар кімді болса да толғандырары рас. Шарада бас қосқан 10 елдің делегациясы өзекті мәселенің шешу жолын ортаға салды. ШЫҰ мемлекет басшыларының Астана Саммиті қарсаңында өткен жиында Мәжіліс Спикері әрбір ел климаттың өзгеруі салдарымен бетпе-бет келгенін ерекше атап өтті. Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады, Қытайдың кейбір провинцияларында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты, Ресейді алапат су тасқыны әбігерге салды, Қазақстан да соңғы 80 жылда болмаған дәл осындай ірі табиғи апатқа тап болды. Бұл – шұғыл шара қабылдау қажет екенін көрсетіп отырған нақты белгі.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жариялады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін.

"AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар рухы" жастар қанаты еліміздің табиғатын аялауда аянып қалып жатқан жоқ. Олар мыңнан астам экологиялық шара ұйымдастырған. Оған 100 мыңнан астам ерікті қатысты. 100 мың тонна қоқысты қайта өңдеуге жіберген. Сондай-ақ, Президенттің «Таза Қазақстан» акциясы аясында 900 мың тоннадан астам қалдық жиналды, 2,5 млн-ға жуық жасыл желек егілді. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қайта қалпына келтірілді. Оған 2,4 млн-нан астам адам қатысқан.

Ақерке ЕСКЕНДІРОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

ҚР төрағалығы аясында біз жалпы экология мәселелерін, жастар арасында актуалды мәселелерді көтердік. Ол Лудомания, наркомания мәселелері. Сондықтан да бір жыл бойы осы бғыттарда жұмыс жүргізілді. Қазақстан тарапынан ШЫҰ жастар кеңесі аясында осы наркомания мәселесіне қарсы стратегияны қабылдау ұсынылды. Біздің осы 10 мемлекеттің күшін біріктіріп, жастар арасында актуалды проблемаға айналған наркоманиямен күресуге шақырғымыз келеді. Және де осы жерде бірлескен шараларды ұйымдастыратын боламыз.

Экологиялық мәселелерді шешуде Көршілес Өзбекстанның жастары да білек сыбана әрекет етуде. Өткен жылы 75 мың, биыл 130 мың көшет еккен. Жасыл желекті жайқалтып, климаттың өзгеруін алдын аламыз дейді.

Актам ЖАЛИЛОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАСТАР ПРОБЛЕМАЛАРЫН ЗЕРДЕЛЕУ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛЫ КАДР ДАЯРЛАУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз бүгін экология мәселесін талқылап жатырмыз. Қазір Арал теңізінің жағдайы өте өзекті. Бұл проблема біздің елді де толғандырып отыр. Сондай-ақ, мұнда келген әр мемлекетті экология мәселесі толғандыратыны анық. Сол мәселелерді шешімін табуға осы жиын мұрындық болары рас. Қазақстан халқы мен билік өкілдеріне осындай басқосуды ұйымдастырғанына алғыс айтамыз.

Бүкілқытайлық жастар федерациясы Бас хатшысының орынбасары Дун Ся жастардың экологиялық білімін арттыру өте маңызды дейді. Сол арқылы қоршаған ортаны қорғап, табиғи апаттардан сақтана аламыз.

Дун СЯ, БҮКІЛҚЫТАЙЛЫҚ ЖАСТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндаймыз. Креативті жастар қоршаған ортаны қорғау саласында шексіз әлеуетке ие. Ол өз кезегінде адамзаттың дамуына ықпал етеді. Астықты ұқыпты пайдалануға шақыратын жастар акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылдады. Құжат эко-волонтерлердің халықаралық штабын құруды, жыл сайын экологиялық жобалар конкурстарын ұйымдастыруды көздейді.