$479.23 €534.96 ₽5.16
×

Вейптерді тасымалдауға, өндіруге және сатуға тыйым салуды көздеген заң күшіне енді

20.06.2024ж. 20:00
470
Вейптерді тасымалдауға, өндіруге және сатуға тыйым салуды көздеген заң күшіне енді

Бүгіннен бастап вейп таратуға және оны жарнамалауға тыйым салынады. Электронды темекілерді тасымалдауға, өндіруге және сатуға тосқауыл қоюды көздеген заң күшіне енді. Бұдан былай елімізде вейпті саудаға салғандар ірі көлемде айыппұл арқалап, тіпті, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Электрондық тұтыну жүйелерінің айналымы үшін енгізілген жаңа бапта тағы не айтылған? Мөлдір Жақан айтып береді.

Қазір вейпке үлкені де, кішісі де әуес. Әсіресе, оқушылар арасында электронды темекіні пайдалану сәнге айналған. Зерттеулерге сәйкес алматылық 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80,5%-ы, ал астаналық жасөспірімдердің 83,3%-ы апта сайын вейп сатып алады. Ал оның адам ағзасына қаншалықты зиян екені айтпаса да белгілі. Осыны түсінген сарапшылар, түрлі қауымдастықтар мен депутаттар жұмылып, тиісті заң жобасын әзірлеген еді.

БЛИЦ-САУЛНАМА:

- Денсаулыққа зиян, керек емес нәрсе негізі. Өзім шекпеймін вейп дегендерді. Қарсымын. Заңды қолдаймын.
- Вейптарға қарсы заң шығарылып жатыр екен. Мен оны қолдаймын. Өйткені вейптар қазір бала да, үлкен де, екінің бірінің қолданысында жүр. Егер де оған тыйым салынса, ол өте дұрыс деп ойлаймын.
- Мен бұған күмәнмен қараймын. Азаматтар кәдімгі темекіге көше бастайды. Ендеше барлық темекі түріне тыйым салу керек шығар.

Осылай деп пікір білдіргендерге депутат Айнұр Арғынбекова жауап берді. Сөзінше, вейптердің құрамына екі мыңға дейін зат кіреді және оның зияндығы жөнінде ешкім ойлана бермейді. Қазірдің өзінде әлемнің 33 елінде вейптерге толық тыйым салынды. Жақын арада бұл тізімді көршілес Ресей мен Қырғызстан да толықтырмақ.

Айнұр АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл өнімдер арнайы дүкендерде сатылатын. Бірақ көптеген сатушылар, әсіресе шағын дүкендер осы өнімдерді кәмпиттер мен сағыздың жарқын қаптамаларына орап сатты. Мұндай жарқын қаптамалар мен вейптердің хош иісі жасөспірімдерді ерекше еліктіреді. Ал электронды темекі балалар ғана емес, ересектердің де ағзасына қандай зиян тигізетіні жөнінде ешкім ойланбайды.

Күні кеше ғана қаланың бұрыш-бұрышын жайлаған электронды темекі дүкендері бүгінде жаппай жабылып қалған. Тұрақты тұтынушыға айналғандар не істерін білмей дүкендердің маңайын торуылдап жүр.

Саудасын жандандырып отырған дүкендердің кенеттен жұмысын тоқтатуының себебі де түсінікті. Қазір заң қатаң. Шекпейтін темекі өнімдері, вейптер, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы көзделген. Аталған заттарды өндіру үшін 2000 АЕК айыппұл қарастырылған. Ал осы әрекеттер қылмыстық топпен жасалып, аса ірі мөлшерде табыс тапқан болса әрі бірнеше рет жасалған жағдайда мүлкі тәркіленеді. 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Тіпті, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес.

Азамат САДЫҚОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер де полиция қызметкерлері анықтап жатқан жағдайда, болмаса тұрғындардың хабарламасымен келіп, осы секілді іс-әрекеттерді анықтап жатқанда қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тартылуын қарастырамыз. Қазіргі таңда құқықтық тәртіп іс шарасы өтіп жатыр. Дүкендерде, басқа сөрелерде бар болса, тұрғындарға 102 арнасына хабарлауын сұраймыз.

Сарапшылар «алдағы уақытта вейптердің көлеңкелі нарығына жол бермес үшін құқық қорғау органдарына бақылауды күшейту қажет» дейді. Еске салайық, вейп туралы заңға Қасым-Жомарт Тоқаев 19-шы сәуірде қол қойды. Арада 60 күн өтіп, бүгін заң күшіне енді.