$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Қарақойшивтер әулетіндегі алты баланың бесеуі - полиция қызметкері

21.06.2024ж. 20:00
1198
Қарақойшивтер әулетіндегі алты баланың бесеуі - полиция қызметкері

23 - маусым Қазақстан полициясы күні. Отанымыздың тұрақтылығы мен тыныштығын қызғыштай қорып, қылмыспен күресер басты орган үшін бұл күн мереке ретінде 2007 жылы белгіленген. Сол кезден бері сан реформаларды өткерсе де, өз міндетіне адалдық танытқан қазақ полициясы абырой биігінен көрініп келеді. Мереке қарсаңында тілшілеріміз көпке үлгі болған үлкен әулетке арнайы барды. Мұнда бір үйден өрген алты баланың бесеуі саналы ғұмырын осы салаға арнаған. 

Қылмыспен күресер құзырлы мекеменің қаржылық есебін жүргізу оңай емес. Мұнда әр тиынның есебі, сұрауы бар. Бірақ осы міндетті 30 жылдай абыроймен атқарған Қуат Қарақойшиев кіріс пен шығыстан шатысқан емес. Бұл іскерлігі -әріптестеріне үлгі.

Диляра ХАМЗИНА,  БҚО ПД ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Өте ақылды, сабырлы бастығым. Қағазға мұқият адам. Өте коммуникабельный адам деп айтуға болады. Басшымнан көп үйрендім. Әйел адамбыз ғой. Сұранып жатамыз, кетіп жатамыз бір жаққа. Бастығым бәріне оң көзімен қарайды. Бізге көмектесіп жатады.

Қарақойшиевтер әулетіндегі алты баланың бесеуі полицияда қызмет істейді. Алды зейнетте. Әке сөзін тыңдап, аға жолын жалғастырғандардың жалпы жұмыс өтілі 82 жылдан асыпты.

Қуат ҚАРАҚОЙШИЕВ, БҚО ПД ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Әкем үнемі айтып отыратын еді кісінің ала жібін аттама деп. Анам да ағаларыңды тыңда, ағаларыңды ұятқа қалдырма деп. Бұл қызметке келуіме сол бірінші себеп менің үлкен ағам - Нұрсұлтан. Отан от басынан басталады дейді ғой. Алдымен сол отбасында көрген тәрбиесін әрбір қызметкер жалғаса екен дейміз. Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілетін жақсы қасиеттерді осы мемлекеттік қызметте де іске асырса деген тілек айтамын.

Жыл сайын мерекеде тағдырлары бір салада тоғысқан бауырлардың бас қосуы бұлжымас дәстүрге айналған. Зейнеттегі һәм қызметтегі үш полковник ізін басқан қарындастарына да жылда көрсетер ілтипатынан жаңылмады.

Бұл күні қара шаңырақта дастарқан жайылады, бақилық болған әке мен анаға құран бағышталады. Қызметтегі бауырының бағындырған әр белесі ағалары үшін қашан да мақтаныш.

Нұрсұлтан АМАНГЕЛДІҰЛЫ, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Әкеміздің құдаларына: ".. үш балам полковник. Мен генерал болдым" деп әкемнің мақтанғанын өзім естідім. Енді әке үшін мерей ғой. Оперативтік кеңестерде отырған кезде мақтауды естимін, сол інімнің сыртынан басшыларының жұмысқа алғыр, жіберген қылмыстық істері соттан, прокуратурадан кейін қайтарылмайды. Өтеді, бәріне өте мұқият деп.

Бүгін көне альбоммен бірге көңілде жүрген талай естелік ақтарылды. Аға буын кейінгілердің техника тілін меңгергеніне тәнті.

Ертай ҚАРАҚОЙШИЕВ, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Қазір 3D дейді. Сол арқылы оқиға болған жерді қарап шығуға болады. Ал біздің кезімізде ондай жоқ. Оны хаттамаға сен әрбір жағдайды, сол жерде мысалы адам қайтыс болса, оның ағайындары бар, тағы да басқа психологиялық жағдайдың өзі әсер етеді. Ал сол оқиға болған жерді анықтап қарап, сол дәлелдемелерді толық жинап, барлығын көрсету анықтаушының біліміне, сол жерді игеруіне байланысты деп есептеймін.

Еліміз егемендік алғалы 800-ден астам полицей қызмет барысында қаза тауыпты. Демек бүгінгі күн тек мереке емес, міндетін жанқиярлықпен атқарып, ғұмырын құрбан қылғандарға көрсетілер құрмет іспетті. Отанымыздың тыныштығы ішкі істер органдары қызметкерлерінің адал қызметіне байланысты.