$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Осыдан 16 жыл бұрын полицейдің арқасында аман қалған балалар өздері үшін жан қиған құтқарушыны еске алды

21.06.2024ж. 20:00
1297
Осыдан 16 жыл бұрын полицейдің арқасында аман қалған балалар өздері үшін жан қиған құтқарушыны еске алды

Қарағандылық Қайрат Жұмабеков 130 баланың өмірін құтқарып, ерлікпен қаза тапты. 2008 жылдың 30 мамыры күні 130 бала мінген автобустар тізбегі жол полицейлерінің бақылауымен Астанадан Қарағандыға қайтып келе жатқан. Полиция сержанты Қайрат Жұмабеков балалар мінген автобустың қарсы беттегі көлікпен соқтығысуына жол бермей, ерлікпен көз жұмды. Онан бері 16 жыл өтті. Аман қалған балалар бүгінде ер жеткен. Өздері үшін жанын қиған құтқарушының отбасымен кездесті. 

2008 жылдың 20-сыншы мамыры болған оқиға көптің есінде. Елордаға экскурсияға балаларды апарып Қарағандыға қайтып келе жатқан 3 автобуспен бірге патрульдік машина келе жатады. Кенет жеңіл көлікке соқтығысқан КАМАЗ балаларға қарай ұшып барады. Қызметтік көліктегі сержант Қайрат Жұмабеков қас- қағым сәтте полиция машинасын ауыр көлікке бұрып, соққыны өзіне алып автобустағы оқушыларды қорғап қалған. Сөйтіп қаза тапты, қасындағы серігі Дмитрий Пугач аман қалды.

Дмитрий ПУГАЧ, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Көзімді ашсам алдымда хирург тұрды. «Қайрат қайда?» деп сұрап ем, ол қаза тапты деді. Бар оқиға көз алдыма келді. «Дима, мықтап ұста!» дегені ғана есімде. Кеудесін оққа тосқандай КАМАЗ автобусқа соқпауы үшін қызметтік көлікті апатқа тосты. Әп- сәтте осындай шешім қабылдап, өз өмірін балалар үшін қиды.

Сол күні Қайрат Жұмабеков құтқарған балалар бүгін 30 ға кеп қалды, өздерінің де отбасы бар ересек адамдар. Құтқарушы полицей туралы деректі фильмде көз жастарына ерік берді. Оқиғаны марқұмның әріптестері мен отбасы да көз алдынан өткізді. Марқұмның зайыбы Назгүл Жексенбина отағасынан айырылу қаншалықты қиын болса да оның ерлігін мақтан тұтатынын айтты.

Назгүл ЖЕКСЕНБИНА,  Қ. ЖҰМАБЕКОВТІҢ ЖАРЫ:

«Балаларды мен көрмегініме 16 ж болды. Әрине көзіме жас алып жолдасым Қайрат Қуанышұлының қаншама баланы аман алып қалғанына, осы кішкентай балапандар жігіт болып егеменді еліміздің білікті азаматтары болып жатқанына мен қуаныштымын».

Айдана АКЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Удар болған. Сол кезде мен алдыңғы сиденияға ернімді ұрып алғам, яғни ернім қанады және де балалар жылап кішкене түсініксіз болды не болғаны. Өске келе түсіндік, кісі қайтыс болғанын. Ол кісіге тек қана алғыс. Кішкентай уақытта тез шешім қабылдау өте қиын нәрсе деп ойлайм, сол үшін тек қана алғыс!».

Қайрат Жұмабековтың артында ұлы мен қызы қалды. Сол кезде 1-інші сыныпта оқыған баласы Ғалым Жұмабеков әке жолын қуған. Бүгінде ол Астанада жедел уәкіл болып жұмыс істейді.

Ғалым ЖҰМАБЕКОВ, Қ. ЖҰМАБЕКОВТІҢ ҰЛЫ:

Мен әкемнің аяқталмай қалған ісін жалғастыру үшін осы жолды таңдадым. Ол қаншама баланың осы кезге дейін өмір сүруіне себеп болды. Мен осы арқылы әкемнің әрдайым жанымда екеніне, әруағының мені қолдап жүретініне сенем.

Қайрат Жұмабеков 2008 жылы жанқиярлығы үшін 3 дәрежелі «Айбын» медалімен марапатталды. Бірақ оның отбасы үшін ең үлкен құрмет- апаттан аман қалған ондаған адамның алғысы.