Оралдық ғалымдар "таспашөптің" жаңа түрін тапты. Отандық ғылымға қосылған бұл елеулі үлес Қазақстанның биоалуантүрлілігін толықтыруға ықпал етпек. Бірақ жаңа түр ретінде ғылыми айналымға енгізілмеген бұл өсімдікті көрсетуге болмайды. Авторлық құқықты алу үшін ғылыми сипаттама жазуға кіріскен ғалымдар енді жаңа өсімдікті қалай атаймыз деп бас қатырып жүр.
Дүние жүзінде таспашөптің 2500 түрі белгілі. Ал Қазақстанда 309 түрі өседі. Бүгінде оның 11-і Қызыл Кітапқа еніп үлгірген. Өңірдегі өсімдік жамылғысын зерттеу үшін халықаралық экспедиция ұйымдастырған ғалымдар ботаникалық, биогеографиялық және геоботаникалық талдау жасаған. Енді олар табылған өсімдіктің фармакология, медицина және ауыл шаруашылығы саласына қандай пайдасы барын тексеріп жатыр. Сонымен қатар экспедиция мүшелері Батыс Қазақстанда бір ғасырдан бері кездеспеген дала сұр жыланы мен су жыланын да кезіктіріпті. Зерттеушілер мұны табиғаттағы өзгерістермен байланыстырады.
Қажымұрат АХМЕДЕНОВ, М. ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:
Басқа таспашөптерден айырмашылығы түктенуіне байланысты болып келеді, жемісі мен жапырағының ерекшеліктеріне байланысты болып келеді морфологиялық сыртқы көрінісі бойынша. Ары қарай ғылыми дәлелдеу өте көп уақыт алады. Кем дегенде екі-үш жыл қажет ғылыми айналымға енгізу үшін ғылыми дәлелдеп, дүниежүзілік флораға енгізу үшін екі-үш жыл жұмыс қажет алдағы уақытта.