$494.87 €520.65 ₽4.91
×

14-15 жастағы жеткіншектердің аптасына 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі бар

21.06.2024ж. 20:00
634
14-15 жастағы жеткіншектердің аптасына 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі бар

Оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жасөспірімдер екі қолға бір күрек алып, еңбек етуді жөн санайды. Алайда, заң бойынша кәмелетке толмаған жеткіншектер қалаған жерде жұмыс істей алмайды. Тіпті, заң бойынша олардың еңбек етуіне арналған уақыт та шектеулі. Ал кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдаланғандар жауапкершілікке тартылады. Бос уақытын зая кетірмей, ақша тапқысы келген жастар нені ескеруі керек? Тілшіміз тарқатады. 

Былтыр Еңбек заңнамасын бұзған 4 факт анықталды. Бұл – ресми статистика. Ал құзырлылардың назарынан сытылып кеткендері қаншама? Керек-жарағына тиын-тебен тапқысы келген жасөспірімдер жұмыс талғамайды. Базарда сауда жасап, дүкендерге сатушы болып орналасады. Одан қалса көлік жуып, даяшы қызметін атқарады. Осыны тексеру үшін біз де қаладағы базарлардың біріне бардық. Көп ұзамай сауда жасап отырған 13 жастағы жеткіншекті кездестірдік.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Азанғы 9-да келіп, кейде 17.30-да, кейде 8-ге дейін боламын. Қиын емес. 2 жылдан бері істеймін. Әр каникулда. Әйелдер киімін сататын жерде бір досым бар. Ол да жұмыс істейді.

Осылайша таңнан кешке дейін базарда арба сүйреп, қап тасып жүрген жасөспірімдердің қарасы көп. Дегенмен, Еңбек кодексіне сәйкес 14-15 жастағы азаматтар аптасына 24 сағат, ал 16-17 жастағы азаматтар аптасына 36 сағат жұмыс істей алады. Сондай-ақ жұмыс оқушылардың оқуына кедергі келтірмеуі тиіс.

Ұлбосын МҰСАБЕКОВА, НҰРА АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:

Кәмелетке толмаған жасөспірім өзінің денсаулығына зиян келмейтін, газбен болмаса электрожабдықтармен жұмыс жасауға тыйым салынған. Денсаулығына зиян келмейтін және де заңды өкілінің рұқсатымен ғана жұмыс жасауға болады.

Мемлекеттік органдар жақын арада кәмелетке толмаған азаматтарға рұқсат етілетін жұмыс тізімін әзірлеп жатыр. Ал кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер Әкімшілік кодекстің 86 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Шалқар ОРАЗБЕКОВ, ҚР ЕХӘҚМ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бүгінгі күні жасөспірімдер кинематография саласында, әртүрлі шығармашылық жерде жүмыс істейге мүмкіндіктері бар. Әлеуметтік кодекске сәйкес кез-келген азаматтың табысынан міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынады. Сәйкесінше егер жасөспірімдер жұмысқа тұрып жатса, жалақы алып жатса, міндетті түрде зейнетақы жарнасы ұсталады.

Айта кеткен жөн, 14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс.