"Тас ғасырында өмір сүріп жатырмыз". Алматы облысы Ащыбұлақ ауылына қарасты Мекенжай 2 елдімекенінің тұрғындары осылай дейді. Мұнда жарық, су, жылу, тіпті, жол да жоқ. Жоқтардан әбден қажыған жұрт кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мекен жай ауылы құрылғалы бері мұнда ішер су, газ, тіпті жарық та жоқ. Отты қолмен жағып суды көрші ауылдан тасып, қозғалтқышпен жарықты күніне екі сағатқа қосамыз. Тоқ болмағандықтан мұздатқышты қолданбаймыз, тамақтар күнде бұзылып кетеді дейді. Тұрғындар бұл қажеттіліктерді өз қалтасынан жасатып алайын десе құзіретті органдар ауылдың заңды картасын бермей отыр.
Аяулым ИСКАКОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімдікке картамызды сұрап барсақ, олар бізді допша айналдырып, біресе архитекторға жібереді, архитектор кадастрға жібереді, Кадастрымыз қайтадан акиматқа жібереді. Өзіміздің әкіміміз: ол жер проблемный жер, сендерге кім жер ал деп айтты деп, сөйтіп, бірнеше рет кабинетінен шығарып салды.
Самарқан НҰРДӘУЛЕТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жолдың арғы бетінде 300–500 семья бар. Одан мына Комсомол, Жайнақ деп атын өзгертті. Ол жақта да тоқ бар. Не ана тоқты тартып бермейді, не мына тоқты тартып бермейді.
Тұрғындар тұрмыстық техникасын да жөнді пайдалана алмайды. Теледидар көрмегелі 5 жыл болыпты. Мына ыстық күнде пісірген тамағымыз 3 сағатта ашып кетеді, жазда ет жемейміз, сүт ішпейміз дейді.
Ақтолқын ҚАНАТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Холодильник қоспаймыз. Қалай қосамыз? Тоқтың өзіне, жай ғана жарық беруге 3-4 000 теңге бензинге ақша кетеді.Күнделікті қозғалтқышты пайдаланамыз, айына есептегенде 100-120 мың теңге ақшамыз просты так кетіп жатыр. Сол ақшаға оданда свет тартқызайық десек, келмейді ыңғайы. Өйткені карта жоқ деді. Егер карта жоқ болса бұны заңды түрде бізге қалай сатты деген нәрсе.
Жол мәселесі де шешімін таппай отыр. Жылу да, жарық та мардымсыз.
Бауыржан ТАБЫЛДИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Қыстың күні батамыз. Мына трассаның бойына қоямыз. Біреулер аккумуляторын ұрлап кетіп жатады, біреулердің балондарын ұрлап кетіп жатады.Кейде бензин болмай қалған кездерде жақпаймыз да. Балалар сабақты шаммен оқиды.
Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бахтияр Қасымбековтің айтуынша, Заңға сәйкес жергілікті әкімдік саяжайдың ішкі мәселелеріне араласа алмайды. Бірақ, олай деп қарап отырған жоқпыз дейді.
Бахтияр ҚАСЫМБЕКОВ, АЩЫБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Светтің мәселесінің оңтайлы шешімін табу үшін қалған мекемелер бар ғой светке жауапты уәкілетті органдар, АЖК бар, сонымен қатар архитектура бар, азаматтарға арналған үкімет, кадастрымыз бар соларды шақырып, Мекенжай саяжай тұрғындарымен бірлесіп шаруасын реттеп беру үшін жиналыс жасаймыз. Сол кезде шешілу керек шаруасы.
Үйде тоңазытқыш қосып, теледидар көруді, ауыз су мен жылуды, жарық пен жолды армандайтын мекенжайлықтар енді мәселелердің тезірек шешілгенін күтеді.