«Кәмелетке толмаған қызды зорлады деген жала жабылды». 10 айдан бері қамауда отырған күдіктінің заңгері осылай дейді. Қылмыстық іс өткен жылдың 29-шы тамызында Алматы облысында тіркелген. 1985 жылы туған азамат 10 жасар өгей қызына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген күдікке ілінген. Алайда бүгінгі күнге дейін 14 сарапшы қатысқан бірнеше сот-медициналық сараптама жасалған. Нәтижесінде жәбірленушіге зорлық көрсетілгені дәлелденбеді. "Облыстық прокуратура өкілдері ер адамның кінәсіз екеніне толық көздері жетсе де, оны босатудан белгісіз себептермен бас тартып отыр",- дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Ғабит ӨМІРБЕК, ЗАҢГЕР:
Қылмыстық Кодекста ең ауыр бап болып саналады жасөспірім қызға зорлық көрсетті деген. Оны жасамай, қамаққа алу – одан да ауыр, егер адам кінәсіз сол баппен қамалып кетсе. Шынымен де жігіттің кінәлі емес екендігіне көзім жетті. Қылмыстық істі ҚПК-тің 35-бабының 1-ші тармағы, 2-ші тармақшасына сәйкес жабу қажет. Алайда егер олай тоқтататын болса, конституциялық құқығына нұқсан келді деп оны қамаған прокурорлар, тергеушілер жауапкершілікке татылады. Олар одан қорқып отыр.
Алматы облыстық полиция департаментінің ақпаратынша, қазір iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшін қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр.