Қоқыс басқан Қостанай. Қала басшысы тазалық жұмысын қалпына келтіру үшін төтенше жағдай жариялануы мүмкін деді. Шаһар тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс апталап шығарылмайтынын айтады. Тау боп үйілген қоқыс ауаны ластап, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда.Тіпті індет тарауы мүмкін деген қауіп бар. Коммуналдық кәсіпорын міндетін толық орындамай, тұрмыстық қалдықты уақытында полигонға тасымай жатыр. IKOMEK орталығына түсетін шағымдардың көбі осы қоқыс мәселесіне қатысты.
Татьяна ГАЛКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Егеуқұйрық, тышқан өріп жүр. Мүңкіген иіс. Осы маңды мекендейтін адамдар үшін өте қиын боп тұр. «Тазалық» өз міндетін орындамай отыр. Көлік жоқ па? Жағар май жоқ па? Апталап қоқысты тазаламайды.
Ал тазалаушы компания өкілдері тұрғындарды кінәлап отыр. Қоқыс алаңын тұрмыстық қалдықпен қатар жиһаз, құрылыс материалдарымен толтырып тастайды деп ақталды.Сондықтан кәсіпорын қоқысты уақытында шығарып үлгермей жатқан көрінеді. Қоқыс шығарумен жергілікті «Тазалық-2012» серіктестігі айналысады. 2018 жылдан бастап бұл кәсіпорын сенімгерлік басқаруға берілген. Қала әкімі компания жұмысын қатаң сынап, келісім-шартты бұзатынын айтты. Ал қаланы қоқыстан арылту жұмысына қосымша мердігерлер тартылып жатыр.
Марат ЖҮНДІБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Біріншіден кәсіпорынға айыппұл салынады.Ескерту жасалады. Одан кейін жұмысына кіріспесе екінші кезең басталады. Келісім-шартты бұзамыз. Бұл процесс өз еркімен немесе сот арқылы шешіледі.