Ауа температурасы алдағы бір аптада 41-42 граудусқа дейін көтеріледі. Қазгидромет мамандары осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола облыстарында күн қатты ысиды. Тиісінше өрт қаупі де күшеймек. Сондықтан сақтық шараларына қатаң мән беру қажеттігін айтады. Өңірлердегі жағдайды тілшілеріміз жеткізеді.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
«Қарағанды облысында дауылды ескерту жарияланды. Ауа температурасы бүгін шамамен 30 градус. Алдағы күндері кей жерлерде 41 граудусқа дейін көтеріледі,- деген болжам бар. Төтенше жағдай қызметкерлері бұл күндері өр қаупі күшеятінін ескертеді».
Аптап ыстық бір аптаға созылады. Сондықтан мамандар суға шомылу немесе табиғат аясында, саяжайларда демалу кезінде қауіпсіз ережелерін қатаң сақтауға кеңес берді.
Нарбота ХАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨКІЛІ:
«ҚазГидромет деректері бойынша 27-29 маусым күндері облыстың оңтүстігінде 41 градусқа дейін қатты ыстық күтілуде. Төтенше өрт қаупі сақталады.Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаңыздар. Отпен абай болыңыздар. Сөндірілмеген темекі мен сіріңке тастамаңыздар. Тек белгіленген орындарда шомылыңыздар. Белгіленбеген жерлерде суға түспеңіздер».
Қалалықтар ыстықта жақын маңдардағы тоғандар мен саябақтарда көптеп жүр. Әзірге суға кету деректері тіркелмеген.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
«Ауа райын болжаушылардың айтуынша елімізде биыл жаз жаңбырлы болғанымен күн қатты ыситынын айтады. Сондықтан құтқарушылар орманды өлкелер мен қоғамдық су жағалауларында сақтық шаралары күшейтілуі тиіс деп отыр». Алатау баурайында бүгін күн бұлтты деп жатыр. Элеонора, Сіздерде самал жел соғып тұрған шығар?
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ,ТІЛШІ:
Иа Айжан, Алматыда күн бұлтты. Соған қарамастан ыстық леп соғып тұр. Термометр +35 градусты көрсетуде. Соған қарамастан көшеде, саябақтарда адам қарасы көп.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Алматының ыстығы енді 40 градусқа дейін барып тұр ғой енді. Осы 26-сы мен 30-ның аралығында 45 градусқа дейін барады дейді.
- Алматыда қазір ыстық масқара. Сондықтан су ішіп, сұйықтық баланысын сақтап жүруіміз керек.
- Кеше ғана келдік Батыс Қазақстаннан, ол жақта тіпті 45 градус. Оған қарағанда Алматы жақсы сияқты маған білмеймін.
Мамандар мұндай кезде әсіресе, қарттар мен балаларға, қан қысымы жоғары адамдарға қауіпті болатынын ескертуде. Олар алғашқы көмек көрсету тәсілдерін ұсынуда.
Назира ЕРМЕКОВА, ҚР ТЖМ АПАТТАР МЕДИЦИНАСЫ ОРТАЛЫҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Күннің ыстығынан зардап шеккен жағдайда салқын жерге жатқызып, жағасын босату керек. Басына, мойынына, денесіне салқын компресс қойып, су ішкізген дұрыс. Егер адам есінен танып қалса, оны бүйіріне қаратып, мұрнына аммиакқа малынған тампонды қойып, үстіне салқын су бүркіген жөн.
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Дәрігерлер күн сәйлесі қатты болатын күндізгі сағат 11.00 мен 16.00 аралығында далада көп жүрмеуге кеңес береді. Егер шыққан жағдайда міндетті түрде бас киім киюді, жиі су ішуді, табиғи матадан киім киюді ұсынады.