$477.03 €521.44 ₽5.43
×

Жұмысты уақытында аяқтамаған басшыларға қатаң шара қабылданады

25.06.2024ж. 20:00
202
Жұмысты уақытында аяқтамаған басшыларға қатаң шара қабылданады

Жылу орталықтарының жұмысы сын көтермейді. Тозығы жетіп, әбден ескірген. Оны жөндеу жұмыстарына жыл басынан бері 18 рет өзгеріс енгізілді. Осыдан-ақ істің қалай жүріп жатқанын бағамдай беріңіз. Қыста тағы бүрсеңдемес үшін барлық қазандықтарды тексеруді Үкімет ерте қолға алғандай болып еді. Алайда, жұмыс әдеттегідей, жоспарға сай емес. Тапсырманың 25 проценті де орындалмаған. Бұл жолы Үкімет басшысы ашулы. Тірлікті тиянақты бітірмегендерге қатаң шара қолданатынын айтты. 

Қыстың қамын жазда ойла дейміз. Осылай айтқанда алдымызға жан салмаймыз, іске келгенде кері тартатынымыз тағы бар. Жаздың бірінші айы аяқталуға жақын. Ал, бізде әлі дайындықтың иісі де бармаған өңірлер бар. Мәселен, қазір Риддердегі бесінші қазандықтың жөндеуі басталуы керек еді. Бірақ басшылық тып-тыныш отыр. Екібастұздағы жағдай да – осы.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Биыл қыркүйекке дейін 4 су жылыту қазандығына жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет. Теміртаудағы екінші жылу электр орталығында «Qarmet-тің» бірінші азандығын жөндеуді бастау мерзімі маусымнан тамызға айға шегерілді. Жұмыс көлемін қысқарту жоспарланып отыр. Жаңа №7 қазандықты салу жұмыстарын жеделдету қажет.

Жылу орталықтарының сапасы туралы жылда айтамыз. Қайталанатын бір сценарий. Етіміз де үйренді. Үкімет басшысы қазандықтардың дайындығын уақытылы аяқтауды биыл мамырдың басында тапсырған. Сол кезде ешқандай сылтау болмасын, кешіктірілмесін деп шегелеген. Бірақ сөз ауаға кеткен секілді. Жоспарланған жұмыстың әлі 25 проценті де орындалмаған. Әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің дайындығы төмен.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымына дайындық басталды. Министрлік атқарушы органдарға ҚТЖ мен көмір өндіруші кәсіпорындарға нақты мерзім көрсетулген халықтың және ұйымдардың көмірге қажеттілігі жөніндегі шараларын жолдады.

Жыл басынан бері жылу беру орталықтарындағы жөндеу жұмыстарына 18 рет өзгеріс енгізілген. Бұл істің әлі шикі екенін дәлелдеп тұр. Үкімет басшысының ашуына әдбен тисе керек, енді жұмысты уақытылы аяқтамаған басшыларға қатаң шара қолданылатынын айтты.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

KEGOC бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.

Жылу маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаған Премьер-Министр, жауаптыларға арқаны кеңге салмай жаз біткенше жағдайды жақсартуды тапсырды.