$479.23 €534.96 ₽5.16
×

Өңір тұрғындары көбінесе қандай проблемаларға шағымданып жүр

AstanaTV
26.06.2024ж. 11:41
256
Өңір тұрғындары көбінесе қандай проблемаларға шағымданып жүр

Өңірлердегі тұрғындар көтеріп жүрген сұрақтар негізінен ауыл шаруашылығы саласы, өңірлерді дамыту, тұрғын үй мәселесіне қатысты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті, - деп жазды KAZINFORM.

«Былтыр қазан айында депутаттардың өңірлерге жұмыс сапарлары аясында тұрғындар көтерген мәселелерді егжей-тегжейлі қараған болатынбыз. Жалпы алғанда 1700-ден астам сұрақты жүйелеп, олар бойынша нақты қандай шаралар қабылданғаны туралы есеп берілді. Бұл формат өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгін дәстүрлі түрде сіздерге қаңтар айында келіп түскен тағы 1000-ға жуық сұрақ бойынша баяндама жасаймыз», - деді Т. Дүйсенова.

Осы орайда ол бұл мәселелердің орындалу барысы Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын айтты.

«Жүйелі мәселелердің басым бөлігі өз шешімін тапты. Жекелеген сұрақтарға менің әріптестерім сіздерге жауап беруге дайын. Сұрақтардың мазмұнына келетін болсақ, олардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы саласы, өңірлерді дамыту, тұрғын үй мәселелері мен қауіпсіздік бағыттарын қамтыған. Бұдан бөлек, 30 пайызы инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде құрылыс, жол, газ бен су, әлеуметтік нысандарды салу, оларды жөндеуге қатысты болса, ал қалғаны әлеуметтік проблемаларға арналған», - деді вице-премьер.