$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәжіліс қандай заңдарды қабылдады?

26.06.2024ж. 20:00
315
Мәжіліс қандай заңдарды қабылдады?

Бүгін Мәжіліс екінші сессиядағы жұмысын аяқтады. Депутаттар 39 отырыс өткізіп, 302 мәселені қарады. Аз уақыттың ішінде 100 заң қабылданды. Оның ішінде – кредит, әйел мен бала қауіпсіздігі, масс-медиа туралы нормалар бар. Енді шешілмеген қандай мәселе бар? Депутаттар қандай істі тындырып үлгермеді? Аружан Задабектің сюжеті. 

Депутаттар демалысқа шығатын күн алыс емес. Бәрі ой қорытып, өздеріне «не істедім?» деп есеп беріп жатқандай. Көтерген мәселелерін еске түсіріп, шешімін саралуға кіріскен. Бірі іскерлігіне риза болса, енді бірі айтылған сөз айтылған жерінде қалды деп наразы. Үкімет ұсыныс түгілі, сөзімізді елемеді дегендер де болады. Ренішпен кеткендердің арасында – Ринат Зайытов бар. Ол қанша депутаттық сауал жолдасам да, мардымды жауап ала алмайдым, - дейді.

Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Құрметті Тамара Босымбекқызы, есіңізде болса, сессия басында “берген уәделеріңіз орындалмаса, кім жауап береді?” деп сіздерге сұрақ қойған едім. Сол кезде сіз “бәріне жауап беремін” дегенсіз. Арғы жағын іштеріңіз білсін. Қай уәделеріңізде тұра алдыңыздар, қай уәделеріңізде тұра алмадыңыздар. Осы сессияда мен сіздерге 10 сауал жолдадым.

Зайытовтың мұңы бұл ғана емес. Демалысқа шықпас бұрын бәрін айтып-айтып қалайын деді ме, қайдам, әйтеуір бірнеше мәселені бірден бұрқ еткізді. Депутат мектепте мұғалім мен оқушыдан ақша жинау фактісі азаймай тұр, - дейді. Оған оқу-ағарту министрлігінің өкілдері не дейді екен?

Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл – заңсыздық. Бұған дейін көтерген мәселелеріңіз бойынша әрбір фактіні сізден алдық. Оларды тиісті заң органдарына жолдаймыз. Бізге де мұндай жағдайлар мәлім болғанда оны бірден құзыретті органдарға жолдаймыз.

Мектеп демекші, оқу орындарындағы мұғалімдер жазда 56 күн демалады. Яғни, 2 ай. Бұл кезде аударымдар бір төлеммен жүреді. Бұл - ұстаздар бір ай медициналық сақтандырусыз қалады деген сөз.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді әрбір бухгалтер бір төлеммен еңбекақысын төлейді. Оның астына үш тізім беріп, үш айлық аударымды жазып жібереді. Бұл мәселе толық шешілді. Ендігі негізгі мәселе – әр мектептің есепшісі оны уақытында жасап шығаруы. Оған қатысты қазір Оқу-ағарту министрлігі тапсырма берді.

Ал, депутаты Айдос Сарым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын майшелпекке теңеді.

Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бәріміз ай сайын ақша аударып жатырмыз. 10 жылда бір баратын шығармыз, бес жылда бір баратын шығармыз. Осы жауапкершілік мәселесін жетілдіріп, әр азаматтың қордағы ізін көрсету мүмкіндігі бар.

Бұл – әлі шешімі табылмаған мәселелер. Дегенмен бұл сессия мазмұнды әрі нәтижелі болды дейді, - Мәжіліс Төрағасы. Қоғамда біраздан бері көтеріліп келген түйіткілдер тарқағанын айтты. Нақтырақ, шамадан тыс кредит алу, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, лудомания заңнамалық тұрғыдан реттелген.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаттары іс жүзіне асып жатқанының айшықты айғағы. Ондаған жылдар бойы шахтерлердің, кеншілердің, металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі шешілмей келген еді. Осы орайда Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы заң қабылдадық. Сол арқылы біз 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлерінің талап-тілегін орындадық.

Мәжіліс төрағасы қабылданған заңдардың ішінен «Ұлттық қор – балаларға» жобасын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы норма біраз жүйені түзеді, - дейді.