$471.46 €504.79 ₽5.53
×

Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі Кеңесінің отырысын өткізді

AstanaTV
26.06.2024ж. 19:19
64
Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі Кеңесінің отырысын өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Банктің жылдық жиналысы аясында Еуразиялық даму банкі Кеңесінің (ЕАДБ) отырысын өткізді. Онда ұйымның 2023 жылғы жұмысының қорытындылары қаралды, сондай-ақ одан әрі көпжақты даму бойынша бірқатар шешім қабылданды.

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов 2023 жылы Банк қаржылық тұрақтылықты сақтап, операциялар аймағындағы жетекші даму институты ретіндегі рөлін күшейткенін атап өтті.

Жылдық инвестиция көлемі $1,7 млрд құрады. Есепті жылы банк «жасыл инвестициялар» саласындағы жұмысты ұлғайтты – ағымдағы инвестициялық портфельдегі жасыл жобалардың көлемі жыл қорытындысы бойынша $600 млн-нан асты. Алғашқы екі жылдың қорытындысы бойынша Инвестициялар бойынша 2022-2026 стратегиясының көрсеткішін орындау 140%-ды құрады.

Банктің 18 жылдық жұмысында жинақталған инвестициялық портфель $14,7 млрд-қа жетті, ал жобалардың жалпы саны – 285.

Негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар құрайды.

Анықтама: Еуразиялық даму банкі – Еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. 18 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ экономикалық байланыстарды нығайтуға, кеңейтуге және қатысушы елдердің жан-жақты дамуына жәрдемдесіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – $7 млрд. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.