Әлемде біраз мемлекет біртіндеп несиеден бас тартып жатыр. Кейбірі ерікті түрде несие алмауға шешім қабылдаса, енді бірі дағдарыс себебінен қарыз ала алмай отыр. Әсіресе АҚШ пен Түркия тұрғындарының берешегі өте көп. Әлемдегі өзге де жаңалықтар туралы Аружан Задабек айтады. Эфирде – «Жер-жаһан» айдары.
Қайырлы кеш, көрермен! Бүгін айтарым көп. Сондықтан теледидарға жақын отырыңыз! Иә, біраз мемлекет кредит дегенді атымен ұмытқан.
Мәселен,Солтүстік Корея үшін несие тек кей кәсіпорындар мен азаматтарға ғана қолжетімді. Ал, Венесуэла 5 жыл бұрын АҚШ-тың қатаң санкциясына ұшырап, несие беруге тыйым салынды. Шри-Ланкада 2020 жылы валюта тапшылығы болды. Содан бері банктер ақша беруді доғарған. Бұл қатарға артынша Ливан, Аргентина мен Куба қосылды. Замбия мұндай шешімді 2 жыл бұрын қабылдады.
Өзге де жаңалықтарға тоқталайық. Қажылықта қайтыс болғандар саны 1300-ден асты. Өмірден өткендердің 83 проценті – Меккеге рұқсатсыз барып, аптап ыстықта ұзақ уақыт жаяу жүргендер. Биыл Меккеде ауа температурасы тым жоғары. 49 градусқа жеткен. Синоптиктер алдағы уақытта бұдан да жоғары болуы мүмкін дейді.
Өзбекстанда осы аптада күн 43 градусқа дейін ысиды. Бірақ бұл басы ғана. Синоптиктердің болжамы бойынша ауа температурасы шілде-тамыз айларында тіпті жоғарылайды. Мамандар мұндай жаз бұрын-соңды болмағанын айтады. Вашингтогда да жағдай мәз емес. Елде 36 жылда болмаған аптап ыстық орнады.
Кристи МАЙСЕЛЬМАН, CULTURALDC АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Менің артымда Авраам Линкольннің балауыздан жасалған ескерткіші тұр. Оны суретші Сэнди Уильямс осында қойған. Бұл біз өнер туындысын ерекше бағалаймыз. Бірақ мына ыстықта, ескерткіштің өзі еріп жатыр.
Ал, Колумбияда лай көшкіні жүрді. Табиғи апаттан қаза тапқандар туралы әзірге хабар жоқ. Белгілісі, бірнеше тұрғын ауруханаға жеткізілген. Із-түзсіз жоғалып кеткендер бар. Оларды іздеу операциясы жүріп жатыр. Лай көшкінінің жүруіне аймақта толассыз жауған нөсер себеп.
Алексис АРАНГО, ТҰРҒЫН:
Алғашында қатты қорқыныш болмады. Тез өтіп кетеді деп ойладық. Осы уақытта отбасымызбен жолға шыққанбыз. Кейін жағдай ауырлай түсті. Расымен, қатты қорқып қалдық.