$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес",- Қ.Тоқаев

27.06.2024ж. 20:00
444
"Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес",- Қ.Тоқаев

Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осылай деді. Журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, медиа саласы мамандарына зор ризашылығын білдірді. 

"Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз"- деген президент, жиында алдымен БАҚ саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін зор алғыс білдірді. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Осының барлығын да жан-жақты түсіндіруде медиа саласының салмағы басым болды деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады.

Президент қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды. Қауіпті дертке айналған лудомания туралы айтты. Ол талай азаматты орға жыққан кеселді дертке байланысты арнайы заң қабылданады деді. Сондай-ақ, парламенттің кезекті сессиясы нәтижелі болғанын, осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды деді. Президент осы тұста масс-медианың орны айрықша екенін тағы бір рет еске салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде.

Президент медиа саласына тағы бір міндет жүктеді. Ол -экономика мәселесі.Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті. Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Сондықтан жан-жақты ақпарат таратуда масс-медианың қажырлы еңбегі қажет деді. Сондай-ақ, жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдар мен ауыл-аудандағы тың дүниелерді де көбірек насихаттау қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын

Экономиканы дамытуда тұрақты энергия көзі қажет. Сондықтан биыл күзде атом электр станциясын салу бойынша референдум өтеді деді Президент. Соңғы шешімді халықтың өзі қабылдайтынын айтты. Мемлекет басшысы сөз бостандығы мәселесіне де салмақты қарауға шақырды. Әсіресе, ақпарат тарату кезінде оның салмағы арта түсетініне мән беру керек деді. Себебі бұл – мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады.

Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады

Сөз соңында, кез келген еңбек бағалануға тиіс. "Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр",-деді президент. Еліміздің журналистика және телевизия саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Арасында "Turkistan" халықаралық газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен "Литер" республикалық қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымы да бар.