Бүгін сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясындағы жұмысы аяқталды. Осы уақыт аралығында Палаталардың бес бірлескен, Мәжілістің 39 және Сенаттың 43 отырысы өткен. Сессияны қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов күн тәртібі мазмұнды болды деп баға берді. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналғанын айтты.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сессия барысында екі палата қаралымында 179 заң жобасы болды. Оның 102-і қабылданды. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобалары бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді. Біз басты қаржы құжатын республикалық бюджетті қабылдадық.
Мәжіліс төрағасы еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысы жалғаса беретінін айтты. Қазір Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Депутаттық корпус енді бюджет, салық, құрылыс, су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.