$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдық кәсіпорындар арзан электр қуатынан қағылады

AstanaTV
22.02.2017ж. 20:00
2390
Оралдық кәсіпорындар арзан электр қуатынан қағылады

1 сәуірден бастап Оралдағы 34 кәсіпорын үшін электр энергиясы қымбаттайды. Өйткені монополист компания арзан жарық беруді тоқтатпақ. Енді кәсіпкерлер, тауар мен қызмет ақысын қымбаттатқаннан басқа амалымыз қалмады, деп отыр. Себебі басқа энергия таратушы компаниялардың тарифі бұдан екі есе қымбат? Кәсіпкерлер мәселесі қалай шешілмек? Еркін Қарин білді.

Арзан қуат көзінен қағылатын оралдық 34 компанияның көбісі - ірі өндірістік кәсіпорындар. Түрлі құрылыс материалдарын шығаратын олардың қызметі электр қуатына тәуелді.

Солардың бірі - «Орал-стройинвест» серіктестігі. Құрылыс материалдарын өндіретін компанияның жұмысы күн жылынып, құрылыс қарқын алғасын көбейеді. Бірақ сол кезде электр қуаты еселеп өсетінін уайымдаған мекеме басшысы шығынға шаш-етектен бататынын айтады.

Александр Безьянов, кәсіпкер:

Кәсіпорнымызды ашқан кезде электр желісін жарық беруші компаниядан тіке жүргіздік. Енді басқа мекемеге ауысып, жаңа желі жүргізсек, миллиондап шығынға батамыз. Электр қуатын бұрынғыдан екі есеге қымбатқа сатып алғасын, өнім бағасы қымбаттайды. Қымбат тауарға сұраныс азайып, ішкі-сыртқы нарыққа шыға алмай қаламыз. Президент өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарын ашуді тапсырса, біз шығынға батып, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр боламыз.

Кәсіпкердің сөзінше, электр қуатын жеткізуші басқа компаниялардың бағасы қазіргіден екі есеге қымбат. Мәселен, олар "Жайықжылуқуат" мекемесінен 1 кВт электр энергиясын 7,6 теңгеден сатып алған. Ал 1 сәуірден бастап, басқа жеткізушілердің бағасы бұдан екі есеге көп. Ал "Жайықжылуқуат" мекемесінің басшысы мұны Энергетика министрлігінің бұйрығымен байланыстырады. Айтуынша, бәрі де заң аясында.

Мұрат Бәйменов, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры:

ҚР Энергетика министрлігінің ережесіне сәйкес, тәулігіне бір мегаваттан аз қуат тұтынатын кәсіпорындарға электр энергиясын сата алмаймыз. Сондықтан бұл кәсіпорындарға күні бұрын ескертіліп, екі ай мұрсат берілді. Енді бұл компаниялар басқа жеткізушіні тауып алуы тиіс.

Дағдарған компания басшылары бұл іске жергілікті әкімдіктің араласуын сұрап отыр. Бірақ қала әкімдігі бұл дауға қатысы жоқтығын айтып, монополияға қарсы департаментке жолдады.

Мұрат Оспанов, БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастығы:

Қазір бізге ешкімнен арыз түспеді. Сондықтан бұл туралы нақты ештеме айта алмаймыз. Дегенмен «Жайықжылуқуатты» бұл ескертуі қаншалықты заңды екендігін анықтау керек. Ал оны анықтау үшін кәсіпкерлердің өтініші керек.

Бір қызығы, кәсіпкерлер байбалам салғанымен, әлі ешбірі құзырлы органдарға шағым түсірмепті. Ал кәсіпкерлер палатасының өкілдері де, өтініш жазса, мән-жайды анықтаймыз, деп отыр.

Еркін КАРИН