$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Қазақстан мен ҚХР ынтымақтастығының жаңа "алтын 30 жылдығы" басталды",- Қ.Тоқаев

01.07.2024ж. 20:00
548
"Қазақстан мен ҚХР ынтымақтастығының жаңа "алтын 30 жылдығы" басталды",- Қ.Тоқаев

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық соңғы 30жылдан астам уақыт ішінде 100 есе өсіп, өткен жылы 41 миллиард долларға жеткен. Бұл- тарихи рекорд. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында осылай деді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас бұдан да жоғары деңгейде орнығатынына сенім білдірді. Сұхбатта тағы не айтылды? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады. 

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы соңғы жылдары жоғары деңгейге көтерілді. Екі ел бүгінде бірқатар халықаралық ұйымдарда да бірге. Ол- БҰҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, "Орталық Азия – Қытай" форматында және басқа да халықаралық құрылымдар. Жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша да ұқсас ұстанымдары бар. Президент көрші елмен қарым-қатынас мұнымен шектіліп қалмайтынын айтады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қытаймен көп қырлы қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдету үшін өршіл жоспарлар қойып жатқанымызды атап өткім келеді. Ол үшін барлық қажетті алғышарттар мен жағдайлар жасалған. Біздің өзара іс-қимылымыздың қазіргі жоғары өсу динамикасын ескере отырып, өзара тауар айналымын 100 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін орындау әбден мүмкін екеніне сенімдімін.

Президент екіжақты қарым-қатынаста бес бағытта бірлескен жұмыс өте маңызды деп бағалады. Олар- инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдету, елдер арасындағы тауар айналымын арттыру, "Бір белдеу, бір бағыт" жаһандық бастамасын одан әрі ілгерілету және екі ел арасындағы көлік ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық салада көп қырлы өзара іс-қимылды жандандыру. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттар бойынша бірлескен жобалар болашақта екіжақты қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің елдеріміз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа "алтын 30 жылдығы" аясында бізді жарқын болашақ жолында біріктіретін үлкен жетістіктер мен жеңістердің бастауында деп сеніммен айтуға болады.

Екі ел арасындағы маңызды қарым-қатынастардың тағы біреуі -мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері бұл бағыт үнемі белсенділік танытып келе жатқанын атап өткім келеді. Білім, мәдениет, туризм, ғылым және технология сияқты салалардағы өзара іс-қимыл үнемі жоғары бағытта дамып келеді деді,-Президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының өзара құрылуы елдер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастыққа қосымша серпін береді. Бұл маңызды тартымды нүктелер біздің халықтарымыз арасындағы достықтың берік көпіріне айналатынына сенімдімін.

Саясаттанушы Айдар Әмребаев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы көптеген тың жобаларға жол ашады дейді. Алпауыт елдің біздің экономикамызға ықпалы орасан екенін айтады.

Айдар ӘМРЕБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Екі ел арасындағы жасалынып жатқан жалпы индустриялық жобалар бар. Яғни бізде осы Қазақстанда бірнеше зауыт, фабрика салу. Қытай инвестициясы арқылы технологиясын тарту. Қытайдың жалпы үлкен нарығына бағыттау. Ол да біздің экономикаға оң ықпалын тигізуде.

Былтыр Қытай ірі шетелдік инвесторлардың алғашқы төрттігіне еніп, шамамен 2 млрд доллар қаржы құйған. 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Президенттің шақыруымен шілденің 2-4 күндері Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысады.