$471.83 €505.66 ₽5.4
×

ХҚКО-ға барып қажет емес: енді қазақстандықтар үйді онлайн сатып алады

AstanaTV
01.07.2024ж. 16:54
135
ХҚКО-ға барып қажет емес: енді қазақстандықтар үйді онлайн сатып алады

Қазақстанда енді тұрғын үйді онлайн сатуға және сатып алуға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әділет министрлігі Freedom банкпен бірлесіп жылжымайтын мүлікті онлайн қайта тіркеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Тұрғын үйдің орналасқан жеріне қарамастан мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсыру мүмкіндігі пайда болды.

«Енді қазақстандықтар тұрғын үйді Халыққа қызмет көрсету орталығына және нотариусқа бармастан онлайн режимде сатып алып, сата алады. Мәміленің жауабы өтінім берген сәттен бастап 8 сағаттан аспай келеді, ал тіркеу небәрі 10 минутты құрайды», - деп түсіндірді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли журналистерге арналған брифингте.

Мәміле процесі биометриялық аутентификация арқылы сатушы мен сатып алушының жеке басын бейне сәйкестендіруден басталады. Егер сатушы некеде болса, онда жұбайы да осы процедурадан өтуі керек. Әрі қарай мәмілеге қатысушылар нотариуспен бейнеқоңырау арқылы байланысып, нотариус сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімнің түпнұсқалығына көз жеткізеді. Сатып алу-сату шартына электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылады.

Интернеттегі кез-келген сатып алу-сату мәмілесін әрқашан сатып алушы бастайды. Яғни ол өтінім жібереді, ал сатушы оны растайды.

Талғат Уәлидің айтуынша, үйді онлайн сату немесе сатып алу үшін Freedom банктің клиенті болу шарт емес. Мұны кез келген адам жасай алады. Ең бастысы – Қазақстан азаматы болу және электрондық-цифрлық қолтаңбасы болуы керек.

Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікке құқықтар 2015 жылдан бастап электрондық форматта ресімделуге тиіс.

Айта кетері, алғашқы кезеңде сатып алынатын тұрғын үйдің құнына шектеу қойылған. Яғни онлайн операцияны құны 50 млн теңгеден аспайтын пәтерді сатып алған немесе сатқан азаматтар жүзеге асырады. Қазір жоба Астана мен Алматы қалаларында жүріп жатыр. Егер пилоттық жоба сәтті болса, Қазақстанның басқа да өңірлерін қосу және тұрғын үйдің құнын ұлғайту жоспарланып отыр.