$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Президент мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға қол қойды

AstanaTV
02.07.2024ж. 07:26
301
Президент мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

"Мемлекеттік сатып алу туралы" Заң президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру мақсатында қабылданған.

Жаңа заң мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және қысқартуға бағытталған. Жаңа заң бойынша: 

- сатып алуды жедел жүргізу, сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында бұдан былай шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды; 

- сатып алу қорытындыларына шағымдану веб-портал арқылы және жеңімпазы тек конкурстық комиссия айқындаған сатып алулар бойынша ғана жүзеге асырылады; 

- бұрын сатып алулар тек 1 әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда өтпеді деп танылатын болса, енді мұндай өнім берушіні тиісті біліктілік талаптарына сай деп таныған жағдайда онымен шарт жасасуға рұқсат беріледі; 

- тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алуына оңтайлы жағдай жасау мақсатында енді құны 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу құқығы қарастырылған. Ауыл әкімдіктері үшін мұндай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шегі 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды; 

- ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі жеңілдетілді;

- төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі бекітілді;

- мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді;

- жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар әлеуетті өнім берушілер де мемлекеттік сатып алуларға жіберілмейді; 

Сондай-ақ, президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойған.