$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері жалғасуда

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері жалғасуда

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері жалғасуда. Халық қалаулылары Батыс Қазақстан , Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облыстарында болып, тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік нысандарды аралады. 

Депутаттар мектептерге жиһаз дайындап жатқан цех ұжымымен кездесті. 2009 жылы құрылған өндіріс орны жылына 70 мың комплект жиһаз шығарады. Бұл межеге мемлекеттің қолдауымен жарты жылда жеткен.

Бауыржан МОЛДАБАЕВ, ЖИҺАЗ ЦЕХЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Бізде 150 адамдай жұмыс істейді. Біз қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша екі ауысымда жұмысымызды бастап жатырмыз. Қазір бізде нақты 17 мектеппен келісім-шартымыз бар. Соның ішінде Алматы облысының 10 мектебі, қалған жеті мектеп басқа региондардан. 2023 пен 2024-тің арасында 2 млрд теңге инвестиция құйылды.

"Жайлы мектеп" жобасы «АМАNАТ» партиясының ерекше назарында.

Максим РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осы екі жылда 369 "Жайлы мектеп" жобасы іске асып жатыр. Биыл 217-сі тапсырысқа беріледі. Осы сияқты өндірістер сол мектеп жиһаз апаратын бір жағынан, екінші жағынан осы жерде жұмыс істейтін азаматтарға, жалпы осы бизнес түріне сол жобалардан келетін пайда есебі.

Ал Батыс Қазақстанда депутаттар су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Мұнда 775 үй бой көтереді. Жергілікті әкімдік бұған қосымша тағы 1500-дей пәтерді зардап шеккендерге сатып алып бермек. Қазір қала іргесіндегі Подстепный аулының өзінде жүзден астам үй салынған. Жаңа мекеннің болашақ иелері қоныс тойын тойлар күнді асыға күтіп жүр.

Азамат СӘЛІМОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Тамыз айында бітіреміз деп айтты ғой. Бұйыртса соған сенеміз енді бітеді деп балалар сабаққа барғанша. Қазіргі үйге жетпейді, жаңа үйдің аты жаңа үй ғой. Қазір жақсы. Фундаменті өте биік. Ризамыз енді бастап жатқанына.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл табиғи апат дегенмен де, ел, халық мұны сұрап алған жоқ, тілеп алған жоқ. Бұл өкінішке орай, біздегі, еліміздегі мынау мемлекет басшысы атап өткендей, осы төтенше жағдайлардың алдын алуы тиіс мемлекеттік органдардың тарапынан жіберілген қателіктердің салдары халықтың осыншалықты жапа шегіп отырғаны. Сондықтан да халық солардың кесірінен жапа шекті екен, демек, мемлекет барлық күш-жігерін салып, қаражатты бөле отырып, дәл осындай жағдайда халыққа көмектесуі керек.

Ал Қызылордада «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының бастауымен кәсіпкер азамат айына 17 мың жұп шұлық шығаруда. Болашақта оны дамытып, қаланы толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар дейді.

Қайратбек ӘБДІРАМАН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

2,5 пайызбен несие алдық 5 млн. 88 пайыз мақта өнімінінен тоқылады шұлықтарымыз. Халыққа қолжетімді бағамен 150, 200 ,300 теңге, үш бағада ұсыгып отырмыз. Штрихкоды барлығы бар. Енді бізге қолдау керек. Шыққан өнімдердің барлығын дүкендерге, әлеуметтік дүкендерге қойып сатқымыз келеді.

Жалпы аймақта былтыр жоба аясында 3 млрд теңге қаралып, 700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған. Фракция мүшесі жоба аясындағы ұсыныстар ескеріліп, қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын айтты.

Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұрын несиені кім алады? Бұрын кәсіп жасап жүргендер Ауылдың адамдары несие ала алмайды, оның жолын білмейді, заңдылығын білмейді. Міне, бұл жоба арқылы бір жағынан үйреніп жатыр. Бұрын жасамағандар кәсібін жасап жатыр. «AMANAT» партиясы бұл жобаны әрі қарай өз бақылауында ұстайды және алдағы уақытта тиімді таралуына, іске асуына толық қолдау жасаймыз.

Мәжіліс депутаттары Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбедегі еңбек ұжымдары, іскер әйелдер қауымымен кездесті. Биыл Парламентте 102 заң жобасы қабылданып, оның 76-сына Президент қол қойды. Басқосуда оның әрбір тармағы талқыланды. Ал ертеңнен бастап депутаттар тасқын судан зардап шеккен аудандарды аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отыр.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ертеңнен бастап Ырғыз ауданына барамыз. Жалпы су басқан ең шалғай аудандарға барамыз. Мен өзім Ырғыз ауданы соның ішінде Нұра ауылына сонымен қатар Қобда ауданы, Әйтеке би ауданы Мұғалжар ауданына барып, мына су басқан өңірде жасалып жатқан жұмысты өз көзіммен көргім келеді.

Кездесулерде көтерілген әрбір мәселе назарда болады. Оған қатысты ұсыныстар республикалық штабқа жеткізілмек.