$487.24 €529.34 ₽5.02
×

«АЭС энергия импортына тәуелділікті жояды», - сарапшы

02.07.2024ж. 20:00
342
«АЭС энергия импортына тәуелділікті жояды», - сарапшы

Атом электр станциясы салына ма, жоқ па? Мұны халық шешеді. Осыған қатысты референдум осы күзде өтетін болды. Қазір энергия көзі жетіспейді. Бұл экономиканың дамуына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан Президент энергетикалық нысан мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма берді. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Мамандар «АЭС салынуы керек» дейді. Толығырақ келесі сюжетте. 

Атом станциясы Қазақстанға керек пе деген мәселе 90-жылдардан бері көтеріліп келе жатыр. Содан бері мамандардың көбі «АЭС керек» деуден жалықпады. Енді керек-керек емес деген мәселе қыркүйектегі референдумда шешіледі. Мемлекет басшысы шешімді «Патша көңілді халықтың таңдауына саламыз»,- деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды.

Қазір энергияға деген тапшылықтың барын мойындау керек. 2030 жылға дейінгі болжамды энергетикалық тепе-теңдік былай. Алдағы алты жылда сағатына 146 млрд квт электр энергиясын тұтынады екенбіз. Ал сол кездегі өндіретініміз – сағатына 140 млрд квт. Яғни 6 млрд квт қуат көзі жетпейді.

Олжас БАЙДІЛДИНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Біз энергия көзі жетпейді. Біз импортқа тәуелдіміз. Ойлаңызшы, егер Ресей бізге энергия беруден бас тартса не боламыз? Біз барлығымыз ай бойы, күніне 2 сағат жарықсыз отыратын едік. Энергетикадағы жағдай осындай. Бәрі ескірген. Оларды жөндеуге болады. Бірақ олар бәрібір қайта бұзылады. Газ тапшылығы да жоғары. Сондықтан бір ғана жол бар. Ол атом электр станциясын салу.

Атом электр станциялары уран таблеткаларымен жұмыс істейді. Көлемі 1 текше сантиметр болмайтын уран отынынан өндірілетін энергия 1 тонна көмірмен немесе 500 текше метр газбен тең. Бұл қоршаған ортаны қара түтінмен ластамауға, әрі үнемдеуге сеп. Ғалымдардың пікірінше жаңа үлгідегі қазандықтарда жарылу қаупі мүлде жоқ.

Бауыржан ИБРАЕВ, АТОМ ҒЫЛЫМЫ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП АРДАГЕРЛЕРІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бір сағатына 1,5 квт электроэнергияны Біз Ресейден сатып алып жатырмыз. Соны қашанға дейін сатып аламыз? Қанша ақша жұмсаймыз? Сол ақшаға бір АЭС салуға болады деп өзім ойлаймын. Ол жаңа компетеция, жаңа технология, жаңа мүмкіншілік береді біздің мемлекетіміз дамуы үшін.

Егер елде атом электр станциясы салынатын болса жыл сайын 10 млн тонна зиянды қалдық ауаға шығарылмайды. Бұл - экологиялық тиімділігі. Енді экономикаға ойысайық. Жоба жүзеге асса 8 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл сайын бюджетке 2-3 млрд салық төленеді. Қазір Қазақстанда 3 атом реакторы бар. Біреуі Алматыда, екеуі шығыстағы Курчатов қаласында. Олар энергия өндірмейді. Тек ғылыми мақсатта пайдаланылады. Демек құрылысты салудан бөлек, әуелі атом электр станцияларында жұмыс істей алатын білікті кадрлар дайындау міндеті тұр.

Тимур ЖАНТИКИН, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Егер біз дамимыз десек, алдымен энергияна жетілдіру маңызды. Ал атом саласы үшін білікті кадрларды даярлау туралы айтатын болсақ, онда 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында дайындалған мамандар саны бойынша деректерді келтіруге болады. Бізде 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор бар.

Қазір әлем бойынша 32 елде 441 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көшбасшы елдердің қатарында. Алдағы онжылдықтарда Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда салынбақ. Қазақстан да қатарға қосылуы мүмкін. Жобаны іске асыру мерзімі – шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жыл.