Теміртауда жылу жүйелері жаңғыртылып жатыр. Қалада атышулы 7- інші қазандық қыркүйек айында іске қосылмақ. Осылайша жылу мәселесі шешіледі. Өңірге іс сапармен барған Мәжіліс депутаттарына «QARMET» өкілдері осылай деп мәлімдеді. Халық қалаулыларының облыстарға сапары жалғасуда.
Металлургия комбинатына қарасты қазандық бірнеше жылдан бері жаңартылмай тұрған еді. Инвестор ауысқалы құрылыс қарқыны жылдамдаған. Нысаннан тарайтын жылудың біразы өз қажеттілігіне, қалғаны тұрғын үйлерге беріледі.
Арман ҚАЛЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазандық осы қыркүйек айында іске қосылады деп сенеміз.Осылайша кәсіпорынның жұмысы тұрақталады, ең бастысы тұрғындарға тұрақты жылу беріледі. Оның ішінде жеке сектор да бар.
Мұнан өзге депутаттар сайлаушылармен кездесіп, әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылады. Металлургтер жалақыны көтеру, ипотека талаптарын жеңілдету сондай-ақ зейнет жасын төмендету мәселелерін де көтерді. Ал Батыс Қазақстан облысына барған халық қалаулылары аға буын өкілдерімен кездесті. Еңбек ардагерлері өздерін толғандырған түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Роза КӨЖЕКОВА, "АҚЖАЙЫҚ ӘЙЕЛДЕРІ" КЛУБЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАСЫ:
Соғысқа қатысқан оралдық қыз-келіншектердің ерлігі туралы кітап ертеректе шығарылған еді. Енді соны жаңартып, қайтадан басып шығарғымыз келеді. Сонда аға буынның үлгілі ісін жас ұрпаққа насихаттауға үлкен өнеге болар еді. Бүгінгі жиында осындай өтінішімді айттым, енді айтқан сөзіміз жерде қалмай көмектессе екен деймін.
Өңірдегі Бөкей Ордасы ауданының тұрғындары оңалту орталығына жете алмай жүр. Осының кесірінен аймақтағы әскери сынақ полигондарынан зардап шеккендер азаяр емес. Алыстағы ағайын депутаттан осыған жәрдем етіп, тегін ем алуға көмек етуін сұрады.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Өткен айда президенттің қабылдауында болдым. Сол қабылдауда болғанда көтерген мәселелеріміз 6-7 мәселелерді көтердім. Мынау ардагерлер туралы заңға да халқымыз үшіН, ұлтымыз үшін керек мәселелерді кіргізу керектігі жөнінде. Оны да біз болашақта қарайтын боламыз. Жалпы біздің мақсатымыз осы аймақтардағы адамдардың сұрақтары, ұсыныстары, қандай қиыншылықтары бар, солардың барлығын сөйлесіп көру үшін келдік.
Ал Жамбыл облысына сапарлаған депутат Мұқаш Ескендіров аймақтың атқамінерлерін сынға алды. Қазір өңірде 20 млрд теңгені құрайтын құрылыс жобалары тоқтап тұр. Биыл өңірде 80 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Басым бөлігі жоспардан кешігіп жатыр. Жалпы биыл аймақта 5000 орындық 9 мектеп салынады. Сондай-ақ орын тапшылығы бар білім беру ұйымдарына қосымша ғимараттар салу жоспарланған.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
20 миллиард теңгенің көлеміндегі мынау су, мектеп салу акушерлік пунктер салу барлығы жұмыстар тоқтатылып тұр. Ол қаражаттың барлығы биылға бөлінген. Осы облыстың басшыларымен бірге менің әріптестерім депутаттар барлығымыз жүргіріп осы облыстағы мәселелерді шешуге қаржы бөлген. Ал енді солардың барлығы бүгін игеріліп жатқаны мынау көңілді толтырмайды.
Ал депутат Руслан Қожасбаев жетісулықтарды арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың жер мәселесі, әлеуметтік қамту, білім және мемлекеттік бағдарламалар, газ, су, жол, жарық сынды мәселелері қаралды. Аймақтағы «Асар» спорттық-оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін көпқабатты үйлер бейімделуі керек деген ұсыныс білдірді.
Елдос БАЯЛЫШБАЕВ, «АСАР» СПОРТТЫҚ - ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мүмкіндігі шектеулі жан өз балконында көре алмайды және санузелдері ыңғайсыз, тар болады, кішкентай болады. Жаңадан салынып жатқан ғимараттар барлығы 1-ші этаждары ыңғайлы, кіруі кватираның іші, санузел, балкондары бәрі ыңғайластырылған нормативке енгізсін деген ұсыныс айттым.
Халық қалаулысы республика көлемінде қаралатын мәселелерді шешуге ықпал жасайтынын, ал аудан, облыс бойынша түскен өтініштерді сала басшыларына тапсыратынын айтты.