Алпауыт елдердің басшылары бүгін Астанаға келді. Мәртебелі қонақтарды күтіп алу рәсімі Астана әуежайынан басталды.
Саммит отырысына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бүгін таңертең келді. Оны әуежайда Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды.
Ізін ала маңызды жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гуттериштің ұшағы қонды. Ол Қазақстанға 7 жылдан соң келіп отыр. Одан соң әуежайға Моңғолия Президенті Ухнаагийна Хурэлсуха ат басын тіреді. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24 отырысына қатысу үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те келді. Мәртебелі мейманды Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қарсы алды.
Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Шахбаз Шариф те Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Оны Үкімет басшысы Олжас Бектенов күтіп алды.
Бүгінгі қонақтар тізімін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон толтырды. Содан соң әуежайға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев табан тіреді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Қырғыз Президенті Садыр Жаппаров та Астанаға келді. Мәртебелі қонақтарды Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның да ұшағы Астанаға қонды. Елорда әуежайында түрік басшысын Үкімет басшысы Олжас Бектенов күтіп алды.