$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

03.07.2024ж. 20:00
263
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

Мемлекет басшысы Ақордада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне құрметті қонақ ретінде келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен жан-жақты ынтымақтастықты жоғары бағалады. Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік.

Ильхам Әлиев өз кезегінде Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды. 

Ильхам ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұған дейін екіжақты талқыланған және келісілген барлық бағыттар бойынша оң динамика байқалады. Біз көлік инфрақұрылымына қатысты мәселелер бойынша белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалануды мысал ретінде келтіруге болады.