$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарлық оқушы Кореяның ең беделді университетіне грант алды

AstanaTV
04.07.2024ж. 08:13
235
Павлодарлық оқушы Кореяның ең беделді университетіне грант алды

Korea University – ТОП-3 қатарында, әлемдік рейтингте 79 орында тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-сынып оқушысы Жәния Жүнісова шетелге оқуға түскенін білгенде қатты қуанғанын, тіпті, сене алмағанын айтады.  

– Себебі, бұл университетке түсу өте қиын. Оқуға қажетті құжаттар – табель, паспорт, IELTS сертификаты, SAT нәтижелері. Сонымен қатар, Art&Design үшін сурет портфолиосы керек болды. Сурет мектебін бітіргендіктен, түрлі техникамен жасалған суреттер мен мүсіндер болды. Сондай-ақ, АҚШ-та өнер сабағында жаңа сурет салғанмын, – дейді Жәния Жүнісова.

Ол Chung Ang University, Korea University, Hong Kong Metropolitan University, Hong Kong Design Institute оқу орындарына шақырту алған. Дегенмен, олардың ішінен грант және шәкіртақы ұсынған Korea University таңдаған. Жәнияның мақсаты – болашақта Art Art major мамандығын оқып, шетелде тәжірибе алып, Қазақстанда осы бағытты дамыту.

– Сегізінші сыныпта сурет мектебін бітірдім. Ол жерде би билеу, ән айтумен айналыстым. Бірнеше жыл бойы ағылшын тілі пәнінен олимпиадаларға қатыстым. 11-сыныпта FLEX бағдарламасымен АҚШ-та оқып, чирлидинг, сурет, театрмен шұғылдандым. Сонымен қатар, волонтерлердің қатарында болдым, – деді ол.

Жәния университетке түсу көп уақыт пен күшті талап ететіндіктен, тиянақты әрі ұқыпты болудың маңызды екенін айтады. Сондай-ақ бойындағы қабілетін дамыту үшін көп күш салған ұстаздарына алғысын білдіреді.