$476.27 €515.47 ₽5.41
×

Академия мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертхана құру туралы келісімге қол қойылды

AstanaTV
04.07.2024ж. 12:00
97
Академия мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертхана құру туралы келісімге қол қойылды

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасында Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру орталығын құру туралы Келісімге қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Бұл Келісімге қол қою Қытай Халық Республикасы Президенті Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға мемлекеттік іс-сапарының басты оқиғаларының бірі болды.

Және де Келісім аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Шэньчжэнь университеті және С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойылды.

Салтанатты рәсімге академиялық қауымдастықтың жоғары лауазымды өкілдері қатысты: ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Президенті міндетін атқарушы – Ляззат Тасболатқызы Ералиева, Шэньчжэнь университетінің медицина факультетінің атқарушы деканы Профессор – Синчжи (Ксавьер) Сюй, ҚХР-дың ғылым және технология бойынша консулы – Цзян Вэй, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Басқарма төрағасы-ректоры – Марат Едігеұлы Шоранов және медицина мен денсаулық сақтау ғылыми бағытындағы Қазақстандық жетекші ғалымдар қатысты.

Шэньчжэнь университетінің медицина факультетінің атқарушы деканы профессор Синчжи (Ксавьер) Сюй бірлескен зертхананың құрылуы ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуда маңызды қадам болатынын және білім мен технологиялар алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын және «Біз бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Қытайға пайдалы келешегі бар көптеген бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді деп сенеміз» — деп атап өтті.

Қол қойылған келісім аясында Шэньчжэнь-Алматы медициналық ғылымдардың озық зертханасы құрылатын болады. Ынтымақтастық бағыттары табиғи өнімдерден дәрілік препараттарды әзірлеу, геномдық тұрақсыздық пен ісік генезін, инфекциялық иммунитет пен қабынуды зерттеу, сондай-ақ медициналық жабдықтарды әзірлеуді қамтиды. Ұсынылған алғашқы бірлескен зерттеу жобасы – «Фитошикізат негізіндегі жаңа дәрілік кандидаттардың мультицелдік дизайны». Бірлескен зертхананың құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.

«Зертхананың бір бөлігі С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да болады, ал екіншісі Шэньчжэнь университетінде. Бұл орталық бірегей болады. Бұл ғалымдармен алмасудың үлкен мүмкіндігі, бағдарлама Шэньчжэнь университетінде 3 айдан 1 жылға дейін тағылымдамадан өтуді көздейді. Сатып алынатын жабдықта Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас ғалымдар доктордың зерттеулерін жүргізе алады. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы іске асырылатын болады, біз оқытушылармен, профессорлармен алмасатын боламыз және, әрине, түрлі бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізетін боламыз. Біз жоспарлаған алғашқы зерттеулердің бірі Фармациямен байланысты. Сіздер білесіздер, Қазақстанда әлі қажетті көлемде пайдаланылмайтын өсімдік шикізатының көп мөлшері бар. Біз осы зертхана базасында ісікке қарсы белсенділікке негізделген отандық препараттарды жасауды жоспарлап отырмыз», — деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА президентінің м.а. Ләззат Ералиева.

Шэньчжэнь университеті (SZU) Қытайда 1983 жылы негізі қаланған және 2024 жылы usnews әлемдік рейтингінде 187-орында тұр. Университетте Нобель сыйлығының лауреаты, Қытай, АҚШ, Канада және Ұлыбритания ғылым академияларының мүшелері жұмыс істейді. 250-ден астам шетелдік ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. SZU түлектері қатарында көптеген танымал кәсіпорындардың негізін қалаушылар мен бас директорлары бар: Tencent — Пони Ма, Giant Interactive Group — Ши Юйчжу, Geely Holding Group — Ли Шуфу, Lens Technology — Чжоу Цюньфэй.

Бірлескен зертхана медицина мен денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағытты дамытудың жаңа кезеңі болады және білім мен технологиялар алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.