$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Президент ШЫҰ+ кездесуінің қатысушыларын салтанатпен қарсы алды

AstanaTV
04.07.2024ж. 13:54
405
Президент ШЫҰ+ кездесуінің қатысушыларын салтанатпен қарсы алды

Биыл ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтеді. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ+ қатысушыларын қарсы алды.

Бұл жиынға ШЫҰ-ға қатысушы елдердің – Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Үндістан, Қатар, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанның көшбасшылары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар ШЫҰ бақылаушы мемлекеті ретінде Моңғолия басшысы шақырылған.

Былтыр ШЫҰ-ға бірден бес мемлекет, соның ішінде Бахрейн, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма және Біріккен Араб Әмірліктері диалог серіктестері ретінде қосылған еді.

Сондай-ақ саммитке БҰҰ, ШЫҰ, ШЫҰ РАТС (Террорға қарсы өңірлік құрылымы), ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, АҚИҰ және ЕЭК диалог бойынша халықаралық серіктес ұйымдарының бірінші басшылары келеді.

Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттеришпен салтанатты түрде қол алысып, мәртебелі мейманды конференция залына шығарып салды.

Сонымен бірге жиынға БАӘ Жоғары федералдық кеңесінің мүшесі, Рас-әл-Хайма әмірлігінің билеушісі Сауд ибн Сакр әл-Касими келді.

Құрметті қонақтар қатарында Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсуха да бар.

Өз кезегінде Президент Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды да жылы лебізбен қарсы алды.

Саммитке диалог серіктесі атанған Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни де бүгінгі маңызды меймандар қатарында.